Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов «Астана» шағын ауданына барған жұмыс сапарында осылай деді. Төр жылда облыста 1,9 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, оның 418-і көпқабатты, 2186-сы жеке тұрғын үй. Соның нәтижесінде 20 мың отбасы баспаналы болды.
Мемлекет басшысы биылғы халыққа Жолдауында 2027 жылды «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп жариялауды ұсынған болатын. Өңірімізде осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар орасан.
«Тұрғын үй құрылысы – экономикалық дамудың маңызды қозғаушы күштерінің бірі. Облыста құрылыс жұмыстарының көлемі 2022 жылы 187 млрд теңгені құраса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 2,2 есеге артып, 418,1 млрд теңгеге жетті. 2022 жылы 449 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, биыл 520 мың шаршы метр баспана беруді жоспарлап отырмыз. Тұрғын үйлер тек қалаларда ғана емес, ауылдық елді мекендерде де салынып жатыр. Пайдалануға берілген 449,3 мың шаршы метр тұрғын үйдің 53,5 мың шаршы метрі ауылдық жерлерге тиесілі», – деді аймақ басшысы.
Соңғы 5 жылда Қостанай қаласының халқы 25 мың адамға өскен. 2021 жылғы 1 қаңтарда қалада 251,9 мың адам тұрса, биылғы жыл басында бұл көрсеткіш 277,1 мыңға жеткен. Алдағы үш жылда қала тұрғындарының саны тағы 15 мың адамға артады деп күтілуде.
2022 жылы құрылыс саласынан жергілікті бюджетке түскен салық түсімдері 14 млрд теңгені құраса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 36 млрд теңгеге жетті.
Бүгінгі таңда «Астана» шағын ауданында 1 030-дан астам пәтер болатын 23 үй салынды. Тағы 24 үйдің құрылысы жалғасуда. Оның ішінде 7 тоғыз қабатты тұрғын үй жеке инвестициялар есебінен салынып жатыр. Облыс әкімі алдағы 1,5 жылда бұл шағын ауданның тұрғындар саны 20 мың адамға жететінін атап өтті.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









