Жетісу облысының Төтенше жағдайлар департаменті тұрғын үйлердегі өрт қауіпсіздігі деңгейін арттыру және тұрмыстағы жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында «Ата-анаңның үйін тексер» республикалық акциясы аясында профилактикалық іс-шаралар өткізді.
Акция барысында тұрғындарға ата-аналарының, қарт туыстары мен жақындарының қауіпсіздігіне қамқорлық жасаудың маңыздылығы түсіндірілді. Тұрғын үйлердің өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігін тексеруге ерекше назар аударылды.
Мамандар азаматтарды мұржалардың жай-күйін үнемі тексеріп, оларды күйеден уақытылы тазартуға, электр сымдарының жарамдылығын бақылауға және электр желілеріне шамадан тыс жүктеме түсірмеуге шақырды. Сонымен қатар, улы газдың қауіпті концентрациясын дер кезінде анықтап, газдан уланудың алдын алуға мүмкіндік беретін көміртегі тотығы датчиктерін орнату ұсынылды.
Мұндай профилактикалық іс-шаралар қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруға және азаматтардың жақындарының өмірі мен денсаулығына деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
Жетісу облысының Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды жақындарының қауіпсіздігіне бейжай қарамай, олардың үйлерінің жағдайын үнемі тексеріп отыруға шақырады.
Қауіпсіздік отбасынан басталады! Бүгін ата-анаңызға қамқорлық жасаңыз — олардың үйін тексеріп, өмірі мен денсаулығын сақтауға үлес қосыңыз.





