Ербол Мырзабосынов жүзуден World Aquatics 2026 Әлем кубогі финалдық кезеңінің ашылу салтанатына қатысты

    Елордада жүзуден World Aquatics 2026 Әлем кубогі финалдық кезеңінің ашылу салтанаты өтті. Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылып отырған беделді халықаралық додаға әлемнің 39 елінен 300-ден астам спортшы қатысуда. Олардың қатарында Олимпиада чемпиондары, әлем чемпионаттарының жүлдегерлері мен әлемдік рекорд иелері бар.

    Жарыстың ашылу салтанатына World Aquatics халықаралық федерациясының президенті Хусейн Әл-Мусаллам, Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, сондай-ақ отандық спорт саласының өкілдері мен су спортының мамандары қатысты.

    Салтанатты рәсімде министр мұндай деңгейдегі халықаралық жарыстың елімізде алғаш рет өткізілуі Қазақстан спорты үшін маңызды тарихи оқиға екенін атап өтті.

    «Әлем кубогін өткізу – отандық спортты дамыту жолындағы маңызды қадам. Бұл жарыс спортшыларымызға әлемнің үздіктерімен бәсекеге түсіп, құнды тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді. Турнир жас спортшыларға тың серпін беріп, мыңдаған баланы жүзу спортымен айналысуға ынталандырады деп сенемін. Ұлы Жібек жолы ғасырлар бойы халықтар мен мәдениеттерді байланыстырған. Бүгінде сол тарихи жол бізді спорт, достық және адал бәсеке арқылы қайта тоғыстырып отыр», – деп атап өтті Ербол Мырзабосынов.

    15-17 қазан күндері елордадағы «Барыс Арена» спорт кешенінде өтетін жарыс Баку, Ташкент және Астана қалаларын қамтитын Silk Road халықаралық сериясының шешуші кезеңі саналады. Турнир World Aquatics ұйымының ресми жарыстар күнтізбесіне енгізілген.

    Әлем кубогінің бағдарламасында еркін стиль, брасс, баттерфляй және шалқалай жүзуден 50, 100 және 200 метрлік қашықтықтарда жарыстар өтеді. Сонымен қатар спортшылар 100 және 200 метрге кешенді жүзу мен эстафеталық сайыстарда өзара мықтыны анықтайды.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі" жаңалықтары