АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтіп жатқан күрес түрлерінен U23 әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының қоржыны тағы 3 медальмен толықты.
Грек-рим күресінен 87 келіге дейінгі салмақта сынға түскен отандасымыз Темірлан Тұрдақын финалда ирандық Ясин Әли Яздимен белдесті. Тартысты бәсекеде қарсылас 0-4 есебімен жеңіске жетті.
Сондай-ақ бүгін Арсен Жұма (-55 кг) 3-орын үшін өткен белдесуде қырғыз Барсбек Асанқожоевты жеңіп, қола жүлдегер атанды. Тағы бір палуанымыз Джохар Узаров Армения өкілінен басым түсіп, аса ауыр салмақтың қола медалін мойнына тақты.
Осылайша, грек-рим күресінен Қазақстан командасы әлем чемпионатында 5 жүлдемен жалпыкомандалық есепте 2-орынға тұрақтады. Осыған дейін Айбек Айтбеков (-60 кг) пен Юсуф Ашрапов (-72 кг) чемпион атанған.
Алдағы күндері жарыс әйелдер күресімен жалғасады.





