Қазақстанда туристік бизнесті қолдауға бағытталған мемлекеттік шаралар 2022 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Ал 2026 жылдың тамыз айында осы қолдау тетіктерін жетілдіруге бағытталған бірқатар өзгерістер енгізілді. Олардың негізгі мақсаты – бизнеске қойылатын талаптарды нақтылау, рәсімдерді жеңілдету және бюджет қаражатының тиімді әрі мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ету.
«Kids Go Free» бағдарламасы бойынша: туристік өнімді ішкі туризм саласындағы туроператорлар қалыптастыруы тиіс. Туристік өнім құрамына кәмелетке толмаған жолаушының бару және қайту ұшуларын қамтитын эконом-кластағы әуе тасымалы, сондай-ақ туристерді орналастыру орындарында кемінде екі түн болу қызметі енгізіледі.
Келу туризмі бойынша: шетелдік турист Қазақстанда кемінде 6 түн болған жағдайда туроператорға әрбір турист үшін 15 мың теңге субсидия төленеді. Бұл шара шетелдік туристердің елімізде болу мерзімін ұзартуға және өңірлердегі туристік қызметтерге сұранысты арттыруға бағытталған.
Туристік инфрақұрылым бойынша: қолданыстағы мемлекеттік қолдау шаралары сақталды. Тау шаңғысы курорттарына арналған техника мен жабдықтарды, сондай-ақ туристік автобустарды сатып алуға жұмсалған шығындардың 25%-ы өтеледі. Ал жол бойындағы сервис объектілерін, туристерге арналған танымдық орталықтарды және туристерді орналастыру орындарын салуға жұмсалған шығындардың 10%-ы өтеледі.
Санитариялық-гигиеналық тораптарға ай сайын берілетін 83,3 мың теңге көлеміндегі субсидия сақталды. Сонымен қатар олардың тұрақты жұмыс істеуіне және көрсетілетін қызмет сапасына мониторинг жүргізіледі.
Тағы бір маңызды өзгеріс – басым туристік аумақтарды өңірлердің өздері айқындай алады. Бұл әр өңірдің ерекшелігі мен туристік әлеуетін ескере отырып, перспективалы аумақтарды дамытуға мүмкіндік береді.





