ЕҢБЕК МИНИСТРЛІГІ МЕДИЦИНАЛЫҚ-ӘЛЕУМЕТТІК САРАПТАМА ҚОРЫТЫНДЫЛАРЫНА ШАҒЫМДАНУ ТӘРТІБІН ТҮСІНДІРЕДІ

    ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі медициналық-әлеуметтік сараптама қорытындыларына шағымдану тәртібін түсіндіреді. Егер азамат мүгедектік тобына, оның мерзімі мен себебіне, сондай-ақ еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесіне қатысты қабылданған шешіммен келіспесе, сараптамалық қорытындыны қайта қарау туралы өтініш беруге құқылы. Бұл құқықты оның заңды өкілі де пайдалана алады. Ол үшін сараптамалық қорытынды алынған күннен бастап үш айдан кешіктірмей ҚР ЕХӘҚМ Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің аумақтық департаментіне шағым беру қажет. Шағымды қағаз түрінде немесе e-Otinish платформасы арқылы электрондық форматта жолдауға болады. Қорытындыны қайта қарау тәртібі бастапқы куәландырудың қалай жүргізілгеніне байланысты. Егер азамат тікелей жүргізілген сараптама нәтижесіне шағымданса, оны МӘС әдіснама және бақылау бөлімі қайта қарайды. Мамандар медициналық құжаттарды зерделеп, азаматты тексереді. Диагнозды және ағза функцияларының бұзылу дәрежесін нақтылау қажет болған жағдайда кардиолог, онколог, офтальмолог, педиатр және психолог сияқты бейінді мамандар тартылады. Егер азамат сырттай, проактивті форматта жүргізілген куәландыру нәтижесімен келіспесе, шағымын тұрақты тіркелген жері бойынша аумақтық департаментке береді. Құжаттар басқа өңірдің МӘС әдіснама және бақылау бөліміне қарауға жіберіледі. Қорытынды азаматтың жеке деректері көрсетілмеген медициналық құжаттар негізінде сырттай қайта қаралады. Мұндай жағдайда тиісті бөлімге МӘС актісі келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде сараптамалық қорытынды шығарылады. Бұл мерзім құжаттарға сараптамалық баға беру кезеңіне қатысты. Ал ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 99-бабына сәйкес, заңнамада жекелеген жағдайлар үшін өзге мерзімдер белгіленуі мүмкін. Мұндай жағдайда шағым 20 жұмыс күнінде қаралатын болады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    ""Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаменті" республикалық мемлекеттік мекемесі" жаңалықтары