«САРЫАҒАШ ӨҢІРЛІК ИНДУСТРИАЛДЫҚ АЙМАҒЫ» – ӨНДІРІСТІК ДАМУДЫҢ ЖАҢА БАҒЫТЫ

    1 / 7
    Сарыағаш ауданында өндіріс саласын дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және кәсіпкерлікті қолдау арқылы инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
    Осы мақсатта Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Дарбаза ауылдық округінде орналасқан индустриалдық аймаққа барып, онда іске асырылып жатқан өндірістік жобалардың барысымен танысты.
    Аудан басшысы жауапты сала мамандарына кәсіпкерлерге қажетті инфрақұрылымдық қолдау көрсетуді, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу жұмыстарын жандандыруды және өндірістік нысандардың уақытылы іске қосылуына ықпал етуді тапсырды.
    Қазіргі таңда индустриалдық аймақта «Альбарака 077» ЖШС өсімдік майын өндірумен айналысып, жергілікті шикізатты өңдеу арқылы отандық өнім көлемін арттыруға және ішкі нарықты қамтамасыз етуге үлес қосуда.
    Сонымен қатар жеке кәсіпкерлердің инвестициясы есебінен тағы үш өндірістік нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның екеуі өсімдік майын өндіруге, ал біреуі қыш өнімдерін шығаруға бағытталған.
    Алдағы уақытта «Сарыағаш өңірлік индустриалдық аймағында» жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда. Бұл бастамалар ауданның өндірістік әлеуетін арттыруға, экономиканы әртараптандыруға, өндіріс көлемін ұлғайтуға және тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.
    Өндірістік жобаларды кезең-кезеңімен іске асыру ауданның экономикалық дамуына серпін беріп, кәсіпкерліктің өркендеуіне және жаңа жұмыс орындарының ашылуына оң ықпал етпек.
    Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі
    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Сарыағаш ауданы әкімінің аппараты" жаңалықтары