Найроби, 2026 жылғы 15 қазан –Қазақстан Республикасының Кения Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Қазақстан Республикасының Біріккен Ұлттар Ұйымының Найробидегі кеңсесі жанындағы Тұрақты өкілі Барлыбай Садықов «Африкадағы сауданың жаңа кезеңін ілгерілету» (Driving Africa’s Next Era of Trade) ұранымен өткен Africa Commerce and Industry Summit 2026 (ACIS 2026) алаңында сөз сөйледі.
Саммитте Кенияның инвестициялар, сауда және өнеркәсіп министрі Ли Кинянжуи; ақпарат, коммуникациялар және цифрлық экономика министрі Уильям Кабого Гитау, Кенияның Ұлттық сауда-өнеркәсіп палатасының (KNCCI) Президенті Эрик Руто және басқа да қатысушылар сөз сөйледі.
Кенияның инвестициялар, сауда және өнеркәсіп министрі Ли Кинянджуи өз сөзінде сауда-өнеркәсіп палаталарының бизнестің Африка және басқа өңірлер нарықтарына шығу мүмкіндіктерін кеңейтудегі, сауда кедергілерін жоюдағы және Африка құрлықтық еркін сауда аймағының әлеуетін іске асырудағы маңызды рөлін атап өтті.
Кенияның ақпарат, коммуникациялар және цифрлық экономика министрі Уильям Кабого Гитау цифрлық инфрақұрылым мен инновациялық технологияларды дамыту шағын және орта бизнес үшін нақты коммерциялық мүмкіндіктер ашуға, қаржыландыруға қолжетімділікті кеңейтуге және африкалық компаниялардың өңірлік нарықтарға шығуына ықпал етуге тиіс екенін атап өтті.
Өз кезегінде, Кенияның Ұлттық сауда-өнеркәсіп палатасының (KNCCI) Президенті Эрик Руто ACIS 2026 саммиті коммерциялық талқылаулардан нақты мәмілелерге көшуге, Африка ішіндегі сауданы кеңейтуге және инвестициялар тартуға жәрдемдесуге бағытталғанын айтты.
Елші өз сөзінде Қазақстанның экономиканы дамыту, транзиттік-көліктік әлеуетті арттыру және ақпараттық-коммуникациялық технологияларды ілгерілету салаларындағы жетістіктерін атап өтіп, Қазақстан мен Африка арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың зор әлеуетіне назар аударды. Сондай-ақ сауда, инвестициялар, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, тау-кен өнеркәсібі және цифрландыру салаларындағы өзара іс-қимыл перспективаларын атап өтті.
Сонымен қатар, Қазақстан-Кения әріптестігін нығайтуға және Кения Президенті Уильям Рутоның 2026 жылғы мамырда Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруға ерекше назар аударылды. Елші Африка елдерінің іскер топтарын Қазақстанмен ынтымақтастықты кеңейтуге шақырды.
Анықтама:ACIS 2026 саммитін KNCCI ұйымдастырды. Оған әлемнің 50-ден астам елінен 5 000-нан астам қатысушылар жиналды. Саммит африкалық мемлекеттер арасындағы өңірлік және халықаралық сауданы кеңейтуге, инвестициялар тартуға, өнеркәсіпті дамытуға және экономикалық интеграцияны нығайтуға жәрдемдесуге бағытталған.









