Найроби, 2026 жылғы 19 қараша.Қазақстан Республикасының Кения Республикасындағы Елшілігі Найроби қаласында шай мен кофе өндіру, өңдеу, экспорттау және сауда салаларында қызмет атқаратын кениялық іскер топтар өкілдерінің қатысуымен бизнес-форум өткізді. Іс-шара Қазақстанда шай-кофе хабын құру бастамасын ілгерілетуге және Кения Республикасының Президенті Уильям Рутоның 2026 жылғы 19-20 мамырда Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды іс жүзінде іске асыруға арналды.
Форумда сөз сөйлеген Қазақстан Республикасының Кения Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Қазақстан Республикасының Найробидегі БҰҰ кеңсесі жанындағы Тұрақты өкілі Барлыбай Садықов жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды дәйекті түрде іске асырудың және екі ел арасындағы өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығын атап өтті. Ол Қазақстанда кениялық шай мен кофеге арналған өңірлік хаб құру кениялық өнімдердің Қазақстан нарығындағы үлесін кеңейтуге және оларды Орталық Азияның басқа да елдерінің нарықтарына шығаруға қосымша мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.
Қазақстан Республикасының Кения Республикасындағы Елшілігінің екінші хатшысы Сапар Жақсылық қатысушыларға жобаның тұжырымдамасын таныстырып, Қазақстан нарығының әлеуеті, елдің көлік-логистикалық мүмкіндіктері және хабтың болжамды жұмыс істеу моделі туралы баяндады. Атап айтқанда, кениялық шай мен кофені Қазақстанға жеткізуді ұйымдастыру, оларды сақтау, өңдеу және қаптау, сондай-ақ дайын өнімді Қазақстан мен өңірдің басқа да нарықтарында өткізу мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.
Таныстырылым аясында Қазақстанның инвестициялық саясатының негізгі бағыттары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған басымдықтар да таныстырылды. Жеке және шетелдік капиталды тартуға, ұзақ мерзімді қаржыландыруды дамытуға, өнімді терең өңдеуге, логистиканы жетілдіруге және инвесторлармен жұмыс жүргізу тиімділігін арттыруға ерекше назар аударылды. Аталған басымдықтар шай-кофе хабын құру жобасын одан әрі іске асырудың стратегиялық негізін қалыптастыратыны атап өтілді.
Форум барысында жеткізілімдерді ұйымдастыру, логистика, қойма инфрақұрылымы, өнімнің сапасы мен қаптамасына қойылатын талаптар, сондай-ақ кениялық өндірушілердің, экспорттаушылар мен инвесторлардың жобаға қатысу нысандары бойынша пікір алмасу өтті. Қатысушылар екі ел компаниялары арасында тікелей іскерлік байланыстар орнату және тұрақты коммерциялық әріптестік қалыптастыру перспективаларын талқылады.
Бастаманы одан әрі ілгерілету жобаның коммерциялық, инвестициялық, техникалық және логистикалық параметрлерін бірлесіп пысықтауды, сондай-ақ әлеуетті серіктестер мен ынтымақтастық тетіктерін айқындауды талап ететіні атап өтілді.
Өткізілген бизнес-форум Кения Президенті Уильям Рутоның Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру жолындағы кезекті практикалық қадам болды және тараптардың екіжақты сауда-экономикалық әрі инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделілігін растады.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









