Қауіпсіз өндіріс – үйлесімді әрекеттен басталады

    1 / 7

    Мұнай өңдеу кәсіпорындарындағы қауіпсіздік – жедел әрекетке дайындық пен қызметтердің өзара үйлесімді жұмысына тікелей байланысты. Осы бағыттағы кәсіби дағдыларды жетілдіру мақсатында Шымкент қаласындағы «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС аумағында өрт-тактикалық жаттығу өткізілді.

    Жаттығу сценарийі бойынша жер сілкінісі салдарынан мұнай өңдеу қондырғысы зақымданып, шартты өрт орын алады. Оқиға туралы хабарлама түскеннен кейін өрт сөндіру бөлімшелері белгіленген тәртіппен оқиға орнына жіберіледі.

    Оқиға орнында өрт сөндіру штабы құрылып, шартты өртті сөндіру, адамдарды қауіпсіз аймаққа эвакуациялау және жалынның көршілес нысандарға таралуына жол бермеу шаралары пысықталды. Сонымен қатар өрт сөндіру бөлімшелерінің, құтқарушылардың және өзге де жедел қызметтердің бірлескен әрекеттері үйлестірілді.

    Жаттығуға Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің 8 бірлік өрт сөндіру техникасы мен жеке құрамы, жедел-құтқару жасағының, Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері, жедел жәрдем бригадасы, полиция, су шаруашылығы және электрмен жабдықтау қызметтерінің өкілдері қатысты.

    Мұндай жаттығулар өндірістік нысандардағы төтенше жағдайларға жедел ден қоюға, қызметтердің өзара іс-қимылын жетілдіруге және ықтимал қауіптердің салдарын барынша азайтуға мүмкіндік береді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Шымкент қаласының төтенше жағдайлар департаменті" жаңалықтары