2026 жылғы 14 қазанда Астанада Дүниежүзілік стандарттар күніне орайластырылған дөңгелек үстел өтті. Қатысушылар ұлттық стандарттау жүйесін дамыту, отандық өндірушілерді қолдау, инновациялық технологияларды енгізу және Қазақстанның экспорттық әлеуетін кеңейту мәселелерін талқылады.
Кездесу барысында стандарттау саласындағы жұмыс нәтижелері таныстырылып, сондай-ақ саланың одан әрі дамуының негізгі басымдықтары белгіленді.
ҚР СИМ Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Жанна Есенбекова атап өткендей, бүгінде стандарттаудың рөлі едәуір артып, елдің технологиялық және экономикалық дамуының маңызды құралдарының біріне айналуда.
«Бүгінде стандарттау тек дайын өнімге қойылатын талаптар жүйесі болудан қалуда. Ол технологиялық дамудың, өндірісті, инвестицияларды және жаңа нарықтарды қолдаудың құралына айналуда. Біз қалыптасқан тәжірибені бекітетін стандарттан, технологиялардың дамуына алдын ала жағдай жасайтын стандартқа көшіп жатырмыз», - деп баса айтты Жанна Есенбекова.
Басымдықтардың бірі инвестициялық жобаларды ерте кезеңдерде сүйемелдеу болып қала береді. Өндірісті дайындау кезінде-ақ кәсіпорындарға техникалық талаптарды пысықтауға, стандарттарды таңдауға және сапаны қамтамасыз ету үшін қажетті инфрақұрылымды анықтауға көмек көрсетіледі.
Мұнай-химия саласында заманауи өндіріс технологияларын ескере отырып, көпқабатты полиэтилен үлдіріне стандарт әзірленуде. Сондай-ақ ҚазСтандарттың Alatau City үшін нормативтік базаны дайындауға қатысуы талқылануда.
Күнделікті өмірдегі өнімдер мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігіне ерекше назар аударылады. Бейнебақылау жүйелері, температураны бақылай отырып салқындатылған және мұздатылған жүктерді жеткізу, электрондық медициналық карталар мен жазбалар үшін стандарттар қабылданды. Электр қуаттау станцияларына да стандарттар бекітілді. Олар берілген электр энергиясын сенімді есепке алу үшін қажетті тексеруге және метрологиялық қамтамасыз етуге қойылатын талаптарды қарастырады.
Жасанды интеллект (ЖИ) мен ғылыми қызметке арналған нормативтік база дамуда. 2025 жылы алғаш рет ЖИ саласында жеті ұлттық стандарт бекітілді. Олар архитектураны, деректерді, тәуекелдерді басқаруды және құпиялылықты қамтиды. 2026 жылы әзірлемелердің технологиялық дайындығын бағалауды, зерттеулерді цифрландыруды және ғылыми деректермен жұмыс істеу қағидаттарын қарастыратын «Ғылыми зерттеулер және өндіріске қою» стандарты қабылданды.
Айта кетейік, бүгінде Нормативтік техникалық құжаттардың бірыңғай қоры 76 174 құжатты құрайды, оның ішінде 9 789 ұлттық стандарт бар. Ұлттық стандарттардың қолданылу деңгейі 74%-ды құрайды.




