«Тоқта, А гепатиті! Біл және өзіңді қорға»

    1 / 5

    Шығыс Қазақстан облысында А гепатитінің алдын алуға арналған денсаулық сабақтары өтті. Іс-шараны ШҚО білім басқармасының «Örken» ақпараттандыру және білімді дамыту облыстық ғылыми-әдістемелік орталығы» КММ ұйымдастырды. Сабақтар облыс оқушыларына арналып, қазақ және орыс тілдерінде сұхбат форматында өткізілді. Бұл әртүрлі жастағы мектеп оқушыларын кең ауқымда қамтуға мүмкіндік берді. Спикер ретінде «Шығыс» профилактикалық медицина орталығы» медициналық мекемесінің қоғамдық денсаулық сақтау дәрігері Батырханова Әйгерім Арманқызы сөз сөйледі.

    «Тоқта, А гепатиті! Біл және өзіңді қорға» тақырыбы оқушылардың қызығушылығын тудырды. Сұхбат барысында дәрігер А гепатиті – бауырды зақымдайтын жұқпалы ауру екенін, ол көбіне ластанған қол, су және тағам арқылы берілетінін егжей-тегжейлі түсіндірді. Аурудың белгілері ретінде әлсіздік, тәбеттің төмендеуі, жүрек айну, іштің ауыруы, дене қызуының көтерілуі, кейде тері мен көздің сарғаюы аталды.

    Негізгі назар профилактикаға аударылды. Спикер ең қарапайым әрі тиімді ереже – қолды сабынмен және ағынды сумен жуу екенін атап өтті. Әсіресе дәретханадан кейін, тамақ алдында, тағам дайындау және қабылдау алдында қол жуу аса маңызды. Қол жуу мүмкіндігі болмаған жағдайда антисептиктерді қолдануға болады. Тек қауіпсіз су ішу керек, ал судың сапасына күмәндансаңыз, оны қайнатып, суытып ішкен жөн. Жеміс-көкөністерді мұқият жуу қажет, кейбір жемістерді, мысалы қытай алмаларын, қайнаған сумен шайып алу ұсынылады.

    Дәрігер вакцинация туралы сұрақтарға да жауап берді. Ол А гепатитіне қарсы екпе профилактика әдістерінің бірі екенін растады. Алайда баланы егу туралы шешім ата-анамен және медицина маманымен бірлесіп, ұлттық егу күнтізбесін ескере отырып қабылданады. Егу сәтінде бала мүлдем сау болуы керек.

    Сондай-ақ спикер В және С гепатиттері туралы айтты. Олар парентеральді жолмен, яғни қан арқылы жұғады. Маникюр, тату салондарына, стоматологиялық клиникаларға барғанда құралдардың стерильденуіне мән беру қажет. Сондықтан сенімді шебер мен клиниканы таңдаған дұрыс.

    Қорытындылай келе, дәрігер А гепатитінің белгілері пайда болса, өз бетінше емделуге болмайтынын, дереу дәрігерге қаралу керектігін ескертті. Ем неғұрлым ерте басталса, асқыну қаупі соғұрлым аз болады. Оқушылар өз сұрақтарына толық жауап алып, спикерге алғыс айтты. Мұндай сабақтардың екі тілде өткізілуі жас ұрпақтың өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауына және медициналық сауаттылығын арттыруға ықпал етеді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "«Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасы» мемлекеттік мекемесі" жаңалықтары