Шығыс Қазақстан облысының мектептерінде азаматтық қорғаудың бірыңғай «Баршаның назарына!» сигналына арналған сабақтар сериясы өтті. Ұйымдастырушы — ШҚО білім басқармасының «Örken» ақпараттандыру және білімді дамыту өңірлік ғылыми-әдістемелік орталығы» КММ. Сабақтар облыс оқушыларына арналған сұхбат форматында қазақ және орыс тілдерінде өткізілді, мазмұны шамамен бірдей болды.
Сабақтардың қонағы — ШҚО ТЖД азаматтық қорғау басқармасының офицері Қалиолданов Әлишер Ерланұлы. Ол оқушылардың сұрақтарына егжей-тегжейлі жауап берді: «Баршаның назарына!» сигналы нені білдіреді, ол қандай жағдайларда беріледі, оны қалай тануға болады және алғашқы минуттарда не істеу керек.
Спикер сигналдың сиреналар, электрсиреналар, сирена-сөйлеу құрылғылары, сондай-ақ теледидар, радио, мобильді қосымшалар және SMS арқылы берілетінін атап өтті. Оны естігенде дүрбелеңге түсуге болмайды — хабарламаны соңына дейін тыңдап, нұсқаулыққа сәйкес әрекет ету қажет. «Ең бастысы — дүрбелеңге түспеу. Сабырлық пен хабарламаға мұқият болу өмірді сақтайды», — деп атап өтті Әлишер Ерланұлы.
Оқушылар сигнал сабақ кезінде, үзілісте, көшеде немесе үйде берілсе, өздерін қалай ұстау керектігін білді. Оларға тексерілмеген ақпаратты таратуға болмайтыны, ал ресми деректерді 112 нөмірі, «Darmen ЧС — Kazakhstan ДЧС» қосымшасы және басқа да ресми дереккөздер арқылы алуға болатыны еске салынды.
Облыс оқушыларының материалды жақсы меңгеруі үшін «Örken» ақпараттандыру және білімді дамыту орталығы карточкалардан тұратын интерактивті жадынама әзірледі: кез келген карточканы басу арқылы оқушы қысқаша нұсқаулықты оқи алады.
Мұндай сабақтар жас ұрпақтың бойында қауіпсіздік мәдениетін және төтенше жағдайларда дұрыс әрекет ету дағдысын қалыптастыруға көмектеседі. Өйткені қарапайым ережелерді білу өмір мен денсаулықты сақтап қалуы мүмкін.









