Энергомин 11,7 мың км электр желісін жаңғырту бойынша 253 жобаны қолдады

    1 / 5

    Астанада «POWER TRENDS: МЭКС ұлттық жобасы және электр энергетикасы саласын дамыту жоспары. Қазақстандық бизнес үшін мүмкіндіктер» конференциясы өтті. Іс-шараны «Energy Monitor» қоғамдық қоры ұйымдастырды.

    Форум аясында «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту ұлттық жобасы: өтінімдерден нақты нысандарға дейін» тақырыбында пленарлық отырыс өтті. Оған Энергетика вице-министрі Ержан Ертаев қатысты. Отырыс модераторы «Energy Monitor» қоғамдық қорының атқарушы директоры Нұрлан Жұмағұлов болды.

    Отырысқа сондай-ақ Ұлттық экономика министрлігінің, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің, Табиғи монополияларды реттеу комитетінің, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің, «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ және «Қазақстандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту және дамыту орталығы» АҚ өкілдері қатысты.

    Отырыс барысында «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру нәтижелері, сатып алу рәсімдерінен құрылыс-монтаж жұмыстарына көшу, 2027 жылға арналған жобалар портфелін қалыптастыру және жылу мен электр желілерін жаңғырту барысы талқыланды.

    Ержан Ертаевтың айтуынша, ұлттық жоба аясында 1 600 шақырым жылу желісі мен 77 мың шақырым электр желісін жаңғырту көзделген. Бұл шараларды іске асыру 2029 жылға қарай жылу желілерінің орташа тозу деңгейін 52%-дан 42%-ға дейін, ал электр желілерінің тозу деңгейін 74%-дан 45%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.

    Электр энергетикасы саласында Энергетика министрлігі электр желілерін жаңғырту және реконструкциялау бойынша 253 жобаны қолдады. Жаңғырту көзделген желілердің жалпы ұзындығы 11 683 шақырымды құрайды.

    Жобалардың 139-ы іске асырудың әртүрлі кезеңдерінде, 40 жоба бойынша сатып алу рәсімдері жүргізілуде, ал 74 жоба Министрлікпен келісілген. Жалпы құны 4,3 млрд теңгені құрайтын төрт жоба аяқталып, оның аясында 230 шақырым электр желісі реконструкцияланды.

    Былтыр Түркістан облысы мен Шымкент қаласында жалпы ұзындығы 104,2 шақырым электр желілерін реконструкциялау бойынша екі жоба іске асырылды. Биыл Астана мен Батыс Қазақстан облысында 131 шақырым электр желісі жаңғыртылды. Жобаларды іске асыру нәтижесінде электр желілерінің тозу деңгейі 66%-дан 62%-ға дейін төмендейді.

    Жылумен жабдықтау бағыты бойынша жалпы ұзындығы 356 шақырым жылу желісін реконструкциялауды көздейтін 128 жобадан тұратын портфель қалыптастырылды.

    Қазіргі уақытта 51 жоба іске асырудың әртүрлі кезеңдерінде, 12 жоба бойынша сатып алу рәсімдері жүргізілуде, ал 65 жоба Министрлікпен келісілген. Жалпы ұзындығы 31,9 шақырым жылу желісін қамтитын 16 жоба аяқталды.

    Биыл Қарағанды, Теміртау, Петропавл, Талдықорған және Оралда магистральдық жылу желілерін реконструкциялау жүргізілді. Жобаларды іске асыру нәтижесінде жылу желілерінің тозу деңгейі 50%-дан 48%-ға дейін төмендеді. Бұл тұтынушыларды жылумен жабдықтау сенімділігін арттыруға және апаттық жағдайлардың туындау қаупін азайтуға ықпал етеді.

    Жылу және электр желілерін жаңғырту жұмыстары жалғасуда және Энергетика министрлігінің ерекше бақылауында.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі" жаңалықтары