2026 жылғы 24–25 қыркүйекте Павлодар қаласындағы Торайғыров университетінің базасында мұнай-газ саласына арналған цифрлық шешімдерді әзірлеуге бағытталған салалық KMG Digital Hackathon өтті.
Іс-шараны «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ «KMG Digital» ЖШС-мен бірлесіп ұйымдастырды. Хакатонға 20-дан астам команда қатысып, екі күн бойы жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып, ҚМГ компаниялар тобының практикалық міндеттерін шешу бойынша жұмыс істеді.
Хакатон цифрлық құзыреттерді дамытуға, жас әзірлеушілерді қолдауға және цифрлық трансформация мен жасанды интеллектіні дамыту басымдықтарына сәйкес өндірістік процестерге заманауи технологияларды енгізуге бағытталған.
Қатысушылар екі бағыт бойынша жұмыс істеді. «Ақпараттық қауіпсіздік» трегінде командалар бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу кезінде ақпараттық қауіпсіздік функцияларын автоматтандырылған тексеруге арналған, CI/CD процестеріне интеграциялау мүмкіндігі бар ЖИ-агент әзірледі. «IT-инфрақұрылым» трегінде қатысушылар процестерді автоматтандыруға және корпоративтік IT-инфрақұрылымның сенімділігін арттыруға арналған шешімдер жасады.
Хакатон қорытындысы бойынша командалар жұмыс істейтін прототиптерін сарапшылар қазылар алқасына ұсынды. Бағалау кезінде шешімдердің іске асырылу сапасы, практикалық қолданысқа жарамдылығы және одан әрі дамыту әлеуеті ескерілді.
Әзірленген прототиптерді ҚМГ мен KMG Digital компанияларының бейінді мамандары қарастырып, оларды одан әрі жетілдіру және ықтимал енгізу перспективаларын айқындайды.
Хакатонды өткізу жастардың жасанды интеллект саласындағы білім деңгейі мен практикалық дағдыларын арттыруға бағытталған AI-Sana бастамасын дамытуға да ықпал етеді.
Іс-шараның алаңы болған Торайғыров университеті командалық жұмысқа қажетті жағдайларды қамтамасыз етті. Салалық хакатонды университет базасында өткізу білім беру ортасы, IT-қоғамдастық және мұнай-газ саласы арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді әрі отын-энергетика кешенінің цифрлық трансформациясы жағдайында сұранысқа ие мамандарды даярлауға жаңа мүмкіндіктер ашады.









