12 қазанда Бішкекте Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше мемлекеттердің кеден әкімшіліктері басшыларының 12-ші отырысы өтті.
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің делегациясын Комитет төрағасы Жандос Дүйсембиев басқарды.
Қырғыз Республикасы Мемлекеттік кеден қызметінің басшысы Улан Кимсановтың төрағалығымен өткен отырысқа Әзербайжан, Қазақстан, Түркия және Өзбекстан кеден қызметтерінің басшылары, ТМҰ Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев және Дүниежүзілік кеден ұйымының Бас хатшысы Иан Сондерс қатысты. Сондай-ақ Түрікменстан Мемлекеттік кеден қызметі мен Халықаралық автомобиль көлігі одағының (IRU) өкілдері қатысты.
Кездесудің негізгі қорытындыларының бірі - деректермен цифрлық алмасу, кедендік рәсімдерді оңайлату және транзиттік бағыттарды дамыту бойынша нақты уағдаластықтарға қол жеткізілуі.
2027 жылғы 1 наурызға дейін кеден қызметтері Оңайлатылған кеден дәлізін құру туралы келісім шеңберіндегі ақпарат алмасудың техникалық шарттарын іске асыруды аяқтауды жоспарлап отыр.
Бұл ТМҰ елдерінің кеден қызметтері арасында деректермен электрондық алмасудың пилоттық режиміне көшуге мүмкіндік береді. Оның ресми іске қосылуы Түркияда өтетін келесі отырыста жоспарланып отыр.
Бизнес пен халықаралық тасымалдаушылар үшін мұндай алмасу кедендік рәсімдерден жедел өтуге және елдер арасындағы жүктерді жеткізу мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді.
Кедендік тәуекелдерді басқаруға және кеден зертханалары арасындағы өзара іс-қимылды дамытуға ерекше назар аударылды. 2026 жылғы 1 желтоқсанға дейін елдер тәжірибе алмасудың өзекті бағыттары бойынша ұсыныстарын жолдайды, содан кейін ТМҰ Хатшылығы олардың жиынтық тізбесін қалыптастырады.
Қазақстан мен Өзбекстан кеден зертханаларының екіжақты ынтымақтастық тәжірибесін таныстырып, ТМҰ-ның басқа мемлекеттерін осы өзара іс-қимылға қосылуға шақырды.
Сондай-ақ 2027-2031 жылдарға арналған ТМҰ-ның кедендік ынтымақтастығы жөніндегі Іс-қимыл жоспарын («жол картасын») әзірлеудің кезеңдік кестесі және уәкілетті экономикалық операторлар бағдарламалары саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумды дайындау кестесі келісілді.
Қатысушылар цифрландыру және тасымалды оңайлатудың басқа да бағыттарын, соның ішінде eTIR рәсімін енгізу, «бір терезе» қағидатын дамыту және Транскаспий кедендік транзит порталын пайдалану мәселелерін талқылады.
Осы шешімдерді іске асыру шекарадан өтуді одан әрі жеделдетуге, кедендік рәсімдердің тиімділігін арттыруға және ТМҰ елдерінің, оның ішінде Орта дәліз шеңберіндегі транзиттік әлеуетін дамытуға бағытталған.
Отырыс қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтар мен оларды іске асыру мерзімдерін бекітетін Хаттамаға қол қойылды.
ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің кеден әкімшіліктері басшыларының 13-ші отырысы 2027 жылы Түркия Республикасында өтеді.









