Атырау облысында өңірлік үшжақты комиссияның отырысы өтіп, онда әлеуметтік-еңбек қатынастарының тұрақтылығын қамтамасыз ету, жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау, еңбек дауларының алдын алу және өндірістік жарақаттануды төмендету мәселелері талқыланды.
Отырыс барысында еңбек заңнамасының сақталуы, жалақы берешектерін өтеу, ұжымдық еңбек дауларының туындау себептері, еңбек шарттарын уақытылы тіркеу және міндетті зейнетақы жарналарын аудару мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Жыл басынан бері облыс кәсіпорындарында еңбек қатынастарына байланысты 6 еңбек дауы тіркелген. Олардың басым бөлігі жалақыны көтеру талаптарына, ал біреуі еңбекақыны төлемеуге байланысты туындаған.
Сонымен қатар, бірқатар кәсіпорында жұмыскерлер алдындағы жалақы берешектері толық өтелмегені атап өтілді. Осыған байланысты жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыру және еңбекақының уақытылы төленуін қамтамасыз ету қажеттігі айтылды.
Ұжымдық еңбек дауларының алдын алу мәселесі де күн тәртібінен тыс қалған жоқ. Атап айтқанда, жекелеген кәсіпорындарда жұмыс уақыты режимі, еңбекақы төлеу тәртібі және жалақы мөлшеріне қатысты мәселелер көтерілді. Жұмыс берушілерге жұмыскерлердің талаптарын заңнамада белгіленген тәртіппен қарау және еңбек ұжымдарында әлеуметтік шиеленістің туындауына жол бермеу қажеттігі ескертілді.
Еңбек қауіпсіздігі мәселесі бойынша 2026 жылдың 9 айында облыста 48 жазатайым оқиға тіркеліп, нәтижесінде 56 адам зардап шеккен. Оның ішінде 5 жұмыскер қаза тапқан. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жазатайым оқиғалар саны 11,6%-ға өскен. Әсіресе құрылыс саласындағы жағдай алаңдаушылық туғызады. Есепті кезеңде құрылыс нысандарында 6 жазатайым оқиға орын алып, 3 жұмыскер қаза тапқан, тағы 3 адам ауыр жарақат алған. Оқиғалардың негізгі себептері ретінде еңбек қауіпсіздігі талаптарының бұзылуы, қажетті жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз етпеу, жұмыскерлерді оқыту мен нұсқамадан өткізуге және қауіпті жұмыстардың орындалуына бақылаудың жеткіліксіздігі аталды.
Бұдан бөлек, 2026 жылғы 9 қазандағы мониторинг деректеріне сәйкес, облыстағы 1 274 кәсіпорында 3 130 еңбек шарты есепке алынбаған. Сондай-ақ 6 541 ұйымның 33 943 жұмыскері бойынша міндетті зейнетақы жарналарының уақытылы аударылмау деректері анықталған.
Отырыс қорытындысы бойынша жауапты органдар мен кәсіпорын басшыларына анықталған бұзушылықтарды жою, жалақы берешектерін толық өтеу, еңбек заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету және өндірістік жарақаттанудың алдын алу жөніндегі шараларды күшейту қажеттігі атап өтілді.
Сонымен қатар қабылданған шаралардың орындалуын бақылауға алып, келесі комиссия отырысында атқарылған жұмыстар туралы есеп беру ұсынылды. Жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау, лайықты әрі қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету және әлеуметтік тұрақтылықты сақтау – мемлекеттік органдар мен жұмыс берушілердің ортақ міндеті.









