МЕДИЦИНА ҰЙЫМДАРЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ ЕҢБЕК ЗАҢНАМАСЫНЫҢ ТАЛАПТАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ

    1 / 5

    Ағымдағы жылдың 24–25 қараша күндері «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ Атырау филиалының ұйымдастыруымен облыстық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен Атырау облысындағы медициналық ұйымдардың қызметкерлеріне арналған оқыту семинары өткізілді.
    Іс-шараға облыстағы 40-қа жуық емдеу-сауықтыру мекемесінің басшылары, кадр бөлімдерінің мамандары, заңгерлер мен бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары қатысты.
    Іс-шараның негізгі мақсаты – медицина саласы қызметкерлерінің еңбек құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, еңбек заңнамасының талаптарын түсіндіру, сондай-ақ жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің құқықтық сауаттылығын арттыру болып табылады.
    Аталған семинарға Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бөлімінің бас маманы С. Төлегенов пен еңбек заңнамасы бөлімінің бас маманы Д. Ахметова қатысты.
    Семинар барысында мамандар медициналық ұйымдардағы еңбек қатынастарын реттеу мәселелеріне жан-жақты тоқталып, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар бойынша түсініктеме берді.
    Атап айтқанда, еңбек шартын жасасу, өзгерту және тоқтату тәртібі, жұмыс уақыты мен тынығу уақытының режимі, ауысымдық жұмыс кестесін белгілеу ерекшеліктері, жыл сайынғы ақылы еңбек демалысын беру тәртібі, жұмыскерлердің еңбек құқықтары мен заңнамада көзделген кепілдіктері, сондай-ақ жұмыс берушілердің міндеттері кеңінен түсіндірілді.
    Сонымен қатар еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарын сақтау, қызметкерлер үшін қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету, өндірістік жарақаттанудың алдын алу және жұмыс берушілердің осы бағыттағы жауапкершілігі жөнінде де ақпарат беріліп, қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берілді.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті" жаңалықтары