Маңғыстау облысының алты кәсіби суретшісі ART EXPEDITION – MONGOLIA 2026 «Көшпенділер ізімен» халықаралық арт-экспедициясы аясында Моңғолияға барды. Жоба көшпелі өркениеттің тарихы мен мәдениетін зерделеуге, суретшілер арасындағы халықаралық шығармашылық байланысты нығайтуға және кәсіби тәжірибе алмасуға бағытталды.
Сапар барысында суретшілер Ұлан-Батыр қаласында, Тэрэлж ұлттық паркінде, Архангай аймағында, Орхон алқабы мен Гоби шөлінде пленэр өткізді. Шығармашылық жобаға моңғол кәсіби суретшілері мен халықаралық өнер қауымдастығының өкілдері де қатысты.
Пленэр кезінде қатысушылар Моңғолияның табиғатын бейнелеп, көшпенділер мәдениетімен, ұлттық салт-дәстүрі және тарихи-мәдени мұрасымен жақынырақ танысты.
Бағдарлама аясында көркемөнер галереялары мен ұлттық музейлерге де барды. Қазақ және моңғол суретшілері шығармашылық ізденістерін ортаға салып, кәсіби тәжірибе алмасты.
Жоба Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы мен Маңғыстау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен өтті.









