1 / 8
Ұласбек Сәдібеков Ақбастау ауылдық округінде орналасқан, өңірдегі бірегей әрі ірі экологиялық жобалардың бірі – «RENEKO ҚАЗАҚСТАН» кәсіпорынның ағымдағы тыныс-тіршілігімен танысып, құстарды өсіру, баптау және оларды табиғи ортаға ұшыру процестерін көріп қайтты.
2009 жылы құрылып, 2011 жылы ресми түрде іске қосылған «дуадақ құс өсіру орталығы» бүгінде Қазақстанның биоалуантүрлілігін сақтау бағытында ауқымды жұмыстар атқарып келеді.
Ұласбек Сәдібеков кәсіпорынның аудан экономикасы мен әлеуметтік саласына қосып жатқан үлесін жоғары бағалап, кәсіпорынның жергілікті халықты жұмыспен қамтудағы рөліне ерекше тоқталды. Бүгінгі таңда орталықта 458 адам тұрақты жұмыс істейді, ең маңыздысы – олардың 90 пайызы Бәйдібек ауданының тұрғындары болып табылады.
Орталықтың қуаттылығы өте жоғары: мұнда жыл сайын 15-20 мың дуадақ құсы өсіріліп, табиғат аясына ұшырылады. Бұл Қызыл кітапқа енген сирек кездесетін құстардың популяциясын қалпына келтіруге бағытталған әлемдік деңгейдегі маңызды қадам.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша аудан әкімі Ұласбек Сәдібеков кәсіпорын тарапынан туындайтын өзекті мәселелерді шешуге және аудан әкімдігі тарапынан қажетті қолдау көрсетуге әрдайым дайын екенін жеткізді.
Бәйдібек ауданы әкімінің баспасөз қызметі








