1 / 10
Аудан әкімі Ұласбек Сәдібеков Жамбыл ауылына жұмыс сапары барысында жаңадан ашылған Ардагерлер үйінің жұмысымен танысты.
Аталған нысан 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай ауыл қарияларының игілігіне берілді. Аталған ғимарат қариялардың қолдауымен және демеушілердің көмегімен жөндеуден өткізіліп, қажетті жиһаздармен және құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Ардагерлер үйі – ауыл ақсақалдары мен әжелерінің басын қосып, олардың қоғамдық бастамаларын жүзеге асыруға, елдік мәселелерді талқылауға және кейінгі ұрпаққа өнеге мен ақыл-кеңес беруге мүмкіндік беретін маңызды қоғамдық орын. Мұнда Ардагерлер кеңесі, ауыл билері, Әжелер алқасы, Әйелдер кеңесі және басқа да қоғамдық ұйымдардың жұмысы ұйымдастырылмақ.
Аудан әкімі нысанның жұмысымен танысу барысында ауыл қарияларына арналған осындай игілікті бастамалардың маңыздылығын атап өтті. Ардагерлердің басын қосатын орта қалыптастыру, олардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына жағдай жасау – ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға бағытталған маңызды қадам.
Сонымен қатар жұмыс сапары аясында Жамбыл ауылында демеушілік қаражат есебінен спорт ғимараты күрделі жөндеуден өткізіліп, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Қазіргі таңда нысан пайдалануға беруге дайын. Бұл ауыл тұрғындарына, әсіресе жастарға спортпен тұрақты айналысуға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Бәйдібек ауданы әкімінің баспасөз қызметі







