
Бүгін аудандық мәдениет үйінде Ұстаздар күніне арналған мерекелік жиын өтті.
Салтанатты шараға аудан әкімі Ұласбек Сәдібеков, аудандық мәслихат төрағасы И.Түймебаев, «Әділет» партиясы Бәйдібек аудандық филиалының төрағасы Қ.Қансеитов, аудандық полиция бөлімінің бастығы Ғ.Құрбаналиев, мемлекеттік және құзырлы органдардың басшылары, білім беру ұйымдарының директорлары, ардагер және ұлағатты ұстаздар, педагогтер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Мерекелік жиынды аудан әкімі Ұласбек Сәдібеков ашып, барша білім саласы қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады. Өз сөзінде ұстаз еңбегінің қоғамдағы айрықша орнына тоқталып, білім беру үдерісіне жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді енгізу – заман талабынан туындаған маңызды міндеттердің бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру жолындағы педагогтердің қажырлы еңбегіне ризашылығын білдірді.
Салтанатты шара барысында білім саласында ұзақ жылдар жемісті еңбек етіп, ұрпақ тәрбиесіне елеулі үлес қосқан бірқатар педагогтер ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен, сондай-ақ облыс және аудан әкімдерінің Алғыс хаттарымен, облыс және аудандық мәслихаттың, «Әділет» партиясы Бәйдібек аудандық филиалының алғыс хаттарымен марапатталды.
Барша ұстаздар қауымын кәсіби мерекелерімен құттықтаймыз! Ұстаз мәртебесі биіктеп, еңбектеріңіз әрдайым шәкірт жетістігімен еселене берсін!
Бәйдібек ауданы әкімінің баспасөз қызметі








