Ұлытау облысына жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрінің орынбасары Бауыржан Рапиков келіп, өңір тұрғындарымен кездесті.
Кездесу барысында өңірдегі дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамыту, спорт инфрақұрылымын жетілдіру, балалар мен жасөспірімдерді спортқа кеңінен тарту, сондай-ақ кәсіби спортты қолдау бағыттары талқыланды.
Бүгінде Ұлытау облысында 77 мың адам, яғни өңір халқының 37%-ы дене шынықтыру және спортпен тұрақты түрде айналысады. Оның ішінде 15 мыңнан астамы – ауыл тұрғындары.
Жиында өңірде салынған және құрылысы жалғасып жатқан спорт нысандары туралы ақпарат берілді. Атап айтқанда, Жезқазған қаласындағы ескек есу спортына арналған жаңа спорт кешені, Ұлытау ауылындағы жүзу бассейні, Қаражал қаласындағы жабық хоккей корты және «Намыс» балалар-жасөспірімдер спорт академиясы сөз болды.
Сонымен қатар, «Ұлытау» футбол клубын коммерцияландыру, жеке инвестицияларды тарту, мемлекеттік қаржыландыруға тәуелділікті төмендету және клубтың қаржылық тұрақтылығын арттыру мәселелері қаралды.







