1 / 7
Аудан әкімі Ұласбек Сәдібеков тұрғындармен кезекті жеке қабылдау өткізіп, азаматтардың ұсыныс-тілектері мен өзекті мәселелерін тыңдады.
Қабылдауға Шаян, Жамбыл, Алғабас және Боралдай ауылдық округтерінен келген тұрғындар қатысып, өздерін толғандырған мәселелерді аудан басшысының назарына жеткізді.
Кездесу барысында тұрғындар елді мекендердегі көше жарығын орнату, ауыз сумен қамтамасыз ету, ішкі көшелерді асфальттау, электр энергиясының тұрақты берілуін қамтамасыз ету, спорт алаңшаларын салу, үй іргелік жер телімдеріне қатысты мәселелерді шешу жөнінде өтініштерін білдірді.
Сонымен қатар ақылы қоғамдық негізде жұмыс істейтін азаматтардың еңбекақысына қатысты ұсыныстар айтылып, тұрғындар өздерінің жеке мәселелері бойынша да көмек сұрады.
Аудан әкімі әрбір тұрғынның өтінішін мұқият тыңдап, көтерілген мәселелердің маңыздылығына тоқталды. Бірқатар мәселелердің заң талаптары мен қолданыстағы жоспарларға сәйкес кезең-кезеңімен шешілетінін айтып, жауапты сала мамандарына тиісті тапсырмалар берді. Тұрғындардың талап-тілектерін назардан тыс қалдырмай, елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту, халыққа қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.
Жеке қабылдау барысында айтылған ұсыныстар мен өтініштер тиісті салалар бойынша зерделеніп, заң аясында шешімін табатын болады.
Бәйдібек ауданы әкімінің баспасөз қызметі








