Петропавлда 73 жастағы зейнеткерге өзін «Қазақтелеком» қызметкері ретінде таныстырған адам қоңырау шалып, қызмет көрсету шартының мерзімі аяқталуға жақын екенін айтқан. Ол шартты үйден шықпай-ақ ұзартуға болатынын түсіндіріп, SMS арқылы келген кодты айтып, телефонмен шарттарға келісетінін нақты растауды сұраған.
Келесі күні алаяқтар алдаудың екінші кезеңіне көшті. Олар осы әрекеттерден кейін әйелдің атына 5 миллион теңге несие рәсімделгенін айтып, жағдайды түзету үшін депозиттегі барлық жинағын шешіп алып, «қауіпсіз мемлекеттік шотқа» аудару қажет екеніне сендірген.
Алаяқтар зейнеткерді банкке апару үшін таксиді өздері шақырған. Көлік тізгінінде отырған жеке кәсіпкер Виктор Тимофеев бір күн бұрын әлеуметтік желілерден интернет-алаяқтықтың алдын алу туралы материалдарды көрген еді. Телефон арқылы біреудің үздіксіз нұсқау беруімен келе жатқан жолаушының алаяқтардың арбауына түскенін ол бірден аңғарды.
Алғашында әйел оның сөзіне құлақ аспады. Қылмыскерлер оған біреу тоқтатуға тырысса, сенбеу керектігін, өйткені «бәрі бір мафия» екенін айтып, алдын ала ескерткен. Банкке келген соң Виктор менеджерге ықтимал алаяқтық туралы хабарлап, 102 нөміріне қоңырау шалды. Оқиға орнына жедел жеткен полицейлер зейнеткерге оның кең таралған алаяқтық схемасының құрбаны бола жаздағанын түсіндірді.
Нәтижесінде зейнеткердің 2 миллион теңгеден астам ақшасы сақталып қалды. Полицейлер ықтимал шығын мұнымен шектелмеуі мүмкін екенін атап өтті. Әдетте алаяқтар адамдарды әртүрлі банктерден «айна-қатесіз» несие рәсімдеуге көндіреді. Мұндай жағдайда келтірілетін шығын 20 миллион теңгеге дейін жетуі мүмкін.
Солтүстік Қазақстан облысында биылғы тоғыз айда интернет-алаяқтықтың 404 дерегі тіркелді. Былтыр осы кезеңде 589 дерек болған. Қылмыс санының азаюы кешенді профилактикалық жұмыстың нәтижесі. Тәртіп сақшылары тұрғындарды қырағылық танытуға, бейжай қалмауға және егде жастағы туыстары мен таныстарына алаяқтардың алдау тәсілдерін түсіндіруге шақырады. Киберқылмысқа қарсы сенімді тосқауыл қою үшін полиция мен қоғам бірлесе әрекет етуі қажет.









