
Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер бір күнде профилактикалық есепте тұрған 725 адамды тексерді. Өңірде «Қауіпсіз үй» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды. Оның мақсаты – тұрғындардың тұрғылықты жеріндегі қауіпсіздікті арттыру, құқық бұзушылықтардың алдын алу және «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында полиция мен халық арасындағы өзара байланысты нығайту.
Бірінші күні учаскелік полиция инспекторлары басқа мемлекеттік органдар мен қоғам өкілдерімен бірлесіп, шамамен 1 мың пәтер мен жеке үйді аралап шықты. Облыс аумағында жалға берілетін пәтерлер, саяжай учаскелері, шаруа қожалықтары, қыстаулар мен қараусыз қалған құрылыстар да тексерілді.
Тәртіп сақшылары бірнеше рет шақырту түскен, соның ішінде отбасылық-тұрмыстық жанжалдар мен тыныштықты бұзу деректері бойынша полицияға хабарласқан проблемалы мекенжайларға ерекше назар аударды. Полицейлер 89 проблемалы мекенжай мен профилактикалық есепте тұрған 725 адамды тексерді.
Жұмыстың маңызды бағыттарының бірі – учаскелік полиция инспекторларының тұрғындармен байланысын нығайту. Полицейлер жергілікті тұрғындармен кездесулер өткізіп, учаскелік инспекторлардың байланыс деректерін орналастырады. Бұл тұрғындарға құқықтық тәртіп мәселелері бойынша кімге жүгінуге болатынын білуге мүмкіндік береді.
«Қауіпсіз үй» іс-шарасы тек тексерумен шектелмейді. Полиция үшін проблемаларды дер кезінде анықтау, әр учаскедегі жағдайды білу және ауыр зардаптарға әкелмей тұрып тиісті шаралар қабылдау маңызды. «Заң мен тәртіп» қағидатының әр үй мен әр аулада іс жүзінде жүзеге асырылуы осыған негізделеді.








