Сабақтан кейін не таңдаған дұрыс: спорт па, робототехника ма, әлде шығармашылық па? Петропавлдағы 15 мектептен келген 150-ге жуық оқушы бұл сұрақтың жауабын Оқушылар сарайында тапты. Мұнда алғаш рет қала полиция басқармасының бастығы Серік Әлжановтың бастамасымен профилактикалық жұмыстың жаңа форматындағы кездесу өтті.
Сыныптан тыс үйірмелер мен секцияларға қатыспайтын жасөспірімдер үшін «мүмкіндіктер жәрмеңкесі» ұйымдастырылды. Қаладағы тегін үйірмелер мен секциялардың жетекшілері өз бағыттарын таныстырып, бос уақытта немен айналысуға болатынын айтып берді. Жасөспірімдер ақпарат тыңдап қана қоймай, өз қызығушылығына сай үйірме мен секцияны таңдай алды. Кездесу соңында 40-қа жуық жасөспірім түрлі үйірмелер мен секцияларға жазылды. Қалғандары әлі де таңдау үстінде. Ақпараттық жадынамалардың барлығы таратылып кетті.
Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында кәмелетке толмағандар жасаған 30 қылмыс тіркелді. Оның 24-і Петропавл қаласында жасалған. Полицейлер қалалық прокуратурамен, білім беру органдарымен және сыныптан тыс бос уақытты ұйымдастыратын мекемелермен бірлесіп, жасөспірімдер бос уақытын пайдалы өткізіп, өз ортасын тауып, кейін оны нақты іске айналдыруы мүмкін қызығушылығын дамытуға жағдай жасауға бағытталған жұмыс жүргізуде.
Полиция бұл тәсілді одан әрі дамытуды жоспарлап отыр. Алдағы уақытта Петропавлдағы барлық мектеп оқушылары үшін осындай кездесулер өткізу көзделген. Тәртіп сақшыларының айтуынша, профилактика құқық бұзушылықтың салдары туралы ақпарат берумен ғана шектелмейді. Ол «Сен немен айналысқың келеді?» деген қарапайым сұрақтан да басталуы мүмкін.








