
Солтүстік Қазақстан облысында Арменияның 39 жастағы азаматы 1 миллион т еңгеден астам айыппұл төледі. Бұған оның бірнеше рет құқық бұзуы себеп болған: ер адам белгіленген жылдамдықты бірнеше мәрте асырған, сондай-ақ көлік құралын басқару құқығынан айырылғанына қарамастан көлік жүргізген.
Ағымдағы жылдың мамыр айынан қыркүйек айына дейін ол СҚО аумағында барлығы 31 әкімшілік құқық бұзушылық жасаған. Олардың қатарында қоғамдық орында былапыт сөйлеу және түнгі уақытта тыныштықты бұзу да бар. Қазақстан заңнамасын қасақана бірнеше рет бұзған шетел азаматы Қазақстан Республикасынан 5 жыл мерзімге шығарылды.
Жыл басынан бері СҚО-дан 62 шетел азаматы ел аумағынан шығарылды. Оның үшеуі 5-9 қазан аралығында өткізіліп жатқан «Нелегал» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасының алғашқы күні шығарылды.
Бір күн ішінде рейдтік іс-шаралар нәтижесінде полицейлер көші-қон заңнамасын бұзудың 90-нан астам дерегін анықтады. Шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланғаны үшін алты жұмыс беруші жауапкершілікке тартылды. Мысалы, құрылыс нысандарының бірінен жұмысқа орналасуға рұқсаты болмаған Өзбекстанның 12 азаматы анықталды.
Полицейлер көші-қон саласындағы заңдылықты қамтамасыз ету «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасының маңызды тіректерінің бірі екенін атап өтті.








