Ақтөбе тұрғындары қауіпсіздік мәселелерін шешуге белсенді атсалысуда

    Ақтөбе тұрғындары қауіпсіздік мәселелерін шешуге белсенді атсалысуда

    5 қазанда басталған "Қауіпсіз үй" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында ақтөбеліктердің қауіпсіздік мәселесіне бейжай қарамай, белсенділік танытып отырғаны айқын байқалады, – деп хабарлайды Polisia.kz. Шара барысында полиция азаматтардың ұсыныстары мен өтініштеріне ерекше назар аударып отыр. Азаматтарға қолайлы болу үшін азаматтарға көрнекті жерлерге, үйлердің кіреберістері мен аулаларға QR-кодтар орналастырылды. Ол арқылы әрбір тұрғын проблемалық орындар туралы ақпарат беріп, өз ұсыныстарын жолдай алады. Шараның алғашқы күнінде QR-кодтар арқылы облыс тұрғындарынан полицияға 20-ға жуық ұсыныс түсті. Тұрғындарды негізінен, аулаларды жарықтандыру мен бейнекамералар қою, жол таңбалары мен белгілерін орнату, қоқыстарды жою, шлагбаум орнатуға көмектесу, қауіпті жатақханаларды жою сынды мәселелер толғандырады. Мәселен, Шалқар қаласының тұрғыны балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында үй маңы мен аулаға тиісті жол белгілері мен жасанды жол кедергілерін орнатуды ұсынған. Ал Ақтөбе қаласындағы Қонаев көшесінің тұрғындары көшедегі жарықтандырудың әлсіздігіне шағымданған. Облыс орталығында жаңадан бой көтеріп жатқан "Көкжиде" тұрғын алабының тұрғындары құрылыс материалдарының ұрланатынын және жүк көліктерінің ірі көлемдегі қоқысты заңсыз төгетінін айтып, бейнебақылау камераларын орнатуды және осы аумақта патрульдік полицияның жұмысын күшейтуді ұсынған. Ал Жаңақоныс ауылының тұрғыны аулаға кіреберіске шлагбаум орнатуға және қоқыс жәшіктері орналасқан аумақтарға бейнебақылау камераларын қоюға ықпал етуді сұраған. Ақтөбедегі Маресьев көшесінің тұрғыны жақын маңдағы жатақханада тұратын студенттердің үй маңында жиі жанжалдасатынын айтып, аумақты бейнебақылау камераларымен қамтамасыз етуді ұсынған. Ал Ағайынды Жұбановтар көшесінің тұрғындары жақын маңдағы екі шағын отбасылық жатақхананың орнына жаңа тұрғын үй салу қажеттігін айтқан. – Әрбір өтініш мұқият қаралып, тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп қажетті шаралар қабылданады. Азаматтарды өз тұрғылықты жерлерін қауіпсіз әрі қолайлы етуге белсенді атсалысуға шақырамыз. Бірлескен күш-жігердің арқасында аулаларымызды, көшелерімізді және тұрғын аудандарымызды қауіпсіз әрі жайлы ете аламыз, – дейді Ақтөбе облысы полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Нұрлыбек Сүйінтаев.




    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Ақтөбе облысының Полиция департаменті" жаңалықтары