Қызылордада болашақ заңгерлерге арналған Ашық есік күні өтті

    1 / 2

    «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында Қызылорда облысы Полиция департаментінің қызметкерлері «Болашақ» университетінің студенттеріне арналған Ашық есік күнін ұйымдастырды. Танымдық іс-шара болашақ заңгерлердің құқық қорғау органдарының қызметімен жақынырақ танысуына, теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастыруына және кәсіби бағдар алуына мүмкіндік берді.
    Іс-шараның негізгі мақсаты – студенттердің құқық қорғау саласы туралы практикалық түсінігін қалыптастыру, заңдылық пен құқықтық тәртіптің маңызын ұғындыру, сондай-ақ олардың болашақ мамандықтарына деген қызығушылығын арттыру.
    Ашық есік күні аясында білім алушылар Қызылорда қаласы Полиция басқармасының жұмысымен танысып, полиция қызметінің негізгі бағыттары туралы ақпарат алды. Студенттер уақытша ұстау изоляторын, жедел-криминалистикалық бөлімді және әкімшілік қамауға алынған адамдарды ұстауға арналған арнайы орындарды аралады.
    Кездесу барысында жедел-криминалистикалық бөлім қызметкерлері қылмыстарды ашу мен тергеу кезінде қолданылатын заманауи криминалистикалық құрал-жабдықтар мен әдіс-тәсілдерді таныстырды. Мамандар оқиға орнынан айғақтарды жинау, оларды зерттеу және қылмыстық құқық бұзушылықтарды ашуда криминалистикалық зерттеулердің маңызы туралы түсіндіріп, күнделікті қызметінің ерекшеліктерімен бөлісті.
    Сонымен қатар студенттер уақытша ұстау изоляторы мен әкімшілік қамауға алынған адамдарды ұстау орындарының жұмыс тәртібімен танысты. Оларға аталған нысандарда заң талаптарының сақталуы, ұсталған адамдарға қатысты белгіленген тәртіптер мен құқықтық нормалардың маңызы жөнінде мәлімет берілді.
    Мұндай кездесулер болашақ заңгерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға, құқық қорғау органдарының жұмысын тәжірибе жүзінде түсінуге және құқықтық мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Сондай-ақ жастардың заңға құрметпен қарауына, азаматтық жауапкершілігін сезінуіне және қоғамдағы құқықтық тәртіптің маңызын терең түсінуіне жол ашады.
    Ашық есік күні студенттер үшін теориялық білімді тәжірибемен байланыстырып, құқық қорғау саласының қыр-сырын танып-білуге бағытталған маңызды танымдық іс-шара болды.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қызылорда облысының Полиция департаменті" жаңалықтары