ҚАЗАҚСТАН МЕН БЕЛЬГИЯ ОНКОЛОГИЯ, КАДРЛАРДЫ ОҚЫТУ ЖӘНЕ ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯЛАР САЛАЛАРЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ КЕҢЕЙТУГЕ НИЕТТІ

    1 / 8

    Қазақстан онкологиялық ауруларды емдеуге арналған протондық терапияны дамыту, заманауи оңалту технологияларын енгізу, протездік-ортопедиялық көмек көрсету және медициналық кадрларды даярлау бағыттарында Бельгиямен ынтымақтастықты кеңейтуді жоспарлап отыр.

    Бірлескен жобаларды іске асыру перспективаларын Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Астанада Бельгия делегациясының өкілдерімен талқылады. Келіссөздерге IBA, Spentys, Ugani, Ecosteryl, D-Teach компанияларының, Брюссель университеттік ауруханасының, сондай-ақ Бельгияның іскерлік және инвестициялық бірлестіктерінің өкілдері қатысты.

    «Қазақстан денсаулық сақтау саласында Бельгиямен диалог орнатуға және өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға ашық. Бұл кездесу бізге бельгиялық компаниялардың тәжірибесі мен сараптамалық әлеуетімен жақынырақ танысуға, сондай-ақ бірлескен жұмыстың перспективалы бағыттарын айқындауға мүмкіндік береді», – деп атап өтті министр.



    Ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі – жоғары технологиялық онкологиялық көмекті дамыту. Қазақстан протондық терапияны қолдану аясын кеңейтуге, обырды диагностикалау мен емдеу әдістерін жетілдіруге және бейінді мамандарды даярлауға мүдделі.

    Астанада Орталық Азиядағы алғашқы Протондық терапия орталығы ашылды. Қазіргі уақытта ПЭТ-орталықтар желісін кеңейту жұмыстары жүргізілуде. 2029 жылға дейін тағы бес онкологиялық орталық құру жоспарланған.

    Қазақстанда он жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келе жатқан бельгиялық IBA компаниясы протондық терапияны одан әрі дамыту мүмкіндіктерін, оның ішінде балалардағы онкологиялық ауруларды емдеуде қолдану перспективаларын таныстырды. Қазіргі уақытта елімізде диагностикада қолданылатын радиофармацевтикалық препараттарды өндіруге арналған осы компанияның бес циклотроны пайдаланылуда.

    Медициналық кадрларды даярлау мәселесіне де ерекше назар аударылды. Қазақстан тарапы дәрігерлердің бельгиялық клиникаларда тағылымдамадан өтуін ұйымдастыруға, академиялық алмасуды жолға қоюға, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге және қашықтан оқытуды дамытуға қызығушылық білдірді.

    12 қазанда Қазақстанның Ұлттық ғылыми онкология орталығы мен Брюссель университеттік ауруханасы клиникалық практика, медициналық білім беру және ғылым салаларындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бельгия тарапы күрделі және сирек кездесетін ауруларды, соның ішінде балалар онкологиясын емдеу бойынша тәжірибе алмасуға дайын екенін білдірді. D-Teach компаниясы медицина мамандарын онлайн-оқыту мүмкіндіктерін таныстырды.

    Протездеу саласында бельгиялық Spentys және Ugani компаниялары 3D-сканерлеу мен цифрлық модельдеу технологияларын қолдануға негізделген шешімдерін ұсынды.

    Тараптар медициналық қалдықтарды өртемей, қауіпсіз кәдеге жаратуға арналған бельгиялық технологияларды енгізу мәселесін де талқылады. Атап айтқанда, қалдықтарды тікелей медициналық ұйымдардың өзінде залалсыздандыру мүмкіндіктері қарастырылды.

    Кездесу қорытындысы бойынша тараптар денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және Қазақстан мен Бельгия арасындағы әріптестік байланыстарды нығайтуға өзара мүдделі екенін растады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі" жаңалықтары