Елордадағы «Жастар» сарайында «Қауіпсіз мектеп – әркімнің жауапкершілігі» тақырыбында кездесу өтті. Іс-шараны Байқоңыр ауданының прокуратурасы құқық бұзушылықтардың алдын алу және балаларды буллингтен қорғау мақсатында ұйымдастырды.
Кездесуге аудан мектептерінің оқушылары, директорлары мен педагогтері, ата-аналар, прокуратура, полиция, Төтенше жағдайлар департаменті, Білім басқармасы және Астана қаласының Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының өкілдері қатысты.
Іс-шараның мақсаты – балалардың құқықтық сауаттылығын арттыру, қауіпті жағдайларды дер кезінде анықтауға үйрету және балалар мен ересектер арасында ашық диалог қалыптастыру.
Кездесу барысында буллинг пен зорлық-зомбылықтың, есірткі мен алкогольге байланысты құқық бұзушылықтардың, сондай-ақ интернеттегі қауіптердің алдын алу мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларға көрсетілетін кешенді қолдау және кейс-менеджмент тетігінің маңызы түсіндірілді. Бұл тәсіл баланың жағдайын бағалауға, қажетті көмекті ұйымдастыруға және тиісті мамандардың өзара іс-қимылын үйлестіруге мүмкіндік береді.
Балаларға құқықтары бұзылған немесе қауіп-қатерге тап болған жағдайда көмекке жүгіну жолдары таныстырылды. Атап айтқанда, мектептерде орналастырылған «111» бірыңғай байланыс орталығының QR-кодтары арқылы қажетті ақпарат алып, қолдау сұрауға болатыны айтылды.
Бұдан бөлек, қатысушыларға жол қозғалысы қауіпсіздігі, электросамокаттарды пайдалану ережелері, балалардың терезеден құлауының алдын алу, су айдындарындағы қауіпсіздік және өрт кезіндегі әрекеттер туралы ақпарат берілді.
Кездесу аясында Байқоңыр ауданының прокуратурасы Q-Arts Production шығармашылық ұжымымен бірлесіп әзірлеген «Тоғыз тағдыр» әлеуметтік-профилактикалық сериалы таныстырылды. Тоғыз бөлімнен тұратын туынды өмірлік оқиғалар арқылы ойланбай жасалған әрекеттердің ықтимал салдарын көрсетіп, жауапты шешім қабылдау мен заң талаптарын сақтаудың маңызын түсіндіреді.
Іс-шара қорытындысында балалар үшін қауіпсіз орта қалыптастыруда отбасы, мектеп және мемлекеттік органдар арасындағы өзара ынтымақтастықтың маңыздылығы атап өтілді.
Балалардың құқықтарын қорғау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – ортақ жауапкершілік. Қауіптің алдын алу, балаға уақытылы қолдау көрсету және әрбір баланың үнін есту – қауіпсіз қоғам қалыптастырудың маңызды шарттары.








