Астанада балалардың құқықтарын қорғау, қауіпсіздігі және әл-ауқаты мәселелері талқыланды
27 тамызда Астана қаласында балалардың құқықтарын қорғау, қауіпсіздігі мен әл-ауқатын қамтамасыз ету мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті.
Бүгінде елордада 540 мыңнан астам бала тұрады. Балалар саны жыл сайын 20 мыңнан астам балаға артып келеді. Дөңгелек үстел барысында Астана қаласының Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының негізгі жұмыс нәтижелері және кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шаралар таныстырылды.
2026 жылдың бірінші жартыжылдығында мемлекеттік және құқық қорғау органдарының бекітілген өзара іс-қимыл алгоритмі аясында өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды анықтау мақсатында 350-ге жуық шығу жұмыстары жүргізілді.
Сүйемелдеуді қажет ететін 3 мыңнан астам баланы қамтитын база қалыптастырылды. Пилоттық режимде балалар мен тәуекел тобындағы отбасыларды есепке алу және сүйемелдеу бойынша бірыңғай цифрлық платформа енгізілді.
Жыл басынан бері кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстар саны 57,4%-ға төмендеді. Атап айтқанда, қылмыс саны 235 жағдайдан 135 жағдайға дейін азайған.
Балалар арасында буллингтің, зорлық-зомбылықтың және құқық бұзушылықтардың алдын алуға ерекше назар аударылуда. Профилактикалық есепте тұрған әрбір кәмелетке толмаған балаға тәлімгер бекітіледі.
Қазіргі уақытта Астана қаласында 961 жетім бала және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала есепте тұр. Олардың 83,8%-ы қорғаншылықта және патронаттық тәрбиеде тәрбиеленуде.
Соңғы үш жыл ішінде балалардың құқықтарын қорғау функцияларын жүзеге асыратын ұйымдарда тәрбиеленіп жатқан балалардың саны 16%-ға қысқарды.
Балалар жарақатының алдын алу мақсатында 10 мыңнан астам заңды өкілге түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Ата-аналарға арналған қауіпсіздік бойынша чек-парақтар, ақпараттық жадынамалар, сондай-ақ профилактикалық бейнероликтер әзірленді.
Өткен кезеңде 400-ден астам шұғыл шығу жұмыстары жүзеге асырылып, олардың нәтижесінде 32 бала мамандандырылған ұйымдарға орналастырылды.
Профилактикалық жұмыстар жүргізілгеніне қарамастан мінез-құлқын өзгертпеген ата-аналарға қатысты заңнамада көзделген тиісті шаралар қабылданады. Оның ішінде ата-ана құқықтарын шектеу немесе одан айыру туралы сотқа талап арыздар жолданады.
Астана қаласының Балалардың құқықтарын қорғау басқармасы ата-аналар мен заңды өкілдерді:
балаларды қараусыз қалдырмауға;
терезелердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, арнайы қорғау құрылғыларын орнатуға;
балалардың жабдықталмаған су айдындарында шомылуына жол бермеуге;
кәмелетке толмағандардың интернеттегі қауіпсіздігіне ерекше назар аударуға шақырады.
Баланың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау – отбасының, мектептің, мемлекеттік органдардың, мамандардың және тұтастай қоғамның ортақ міндеті.









