Астана қаласының Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының өкілдері Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясында өтіп жатқан «Құқық бұзушылықтардың профилактикасы жүйесін өңірлік деңгейде басқару: ведомствоаралық өзара іс-қимыл және үйлестіру» тақырыбындағы үш күндік семинар-тренингке қатысуда.
Іс-шара «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің қолдауымен ұйымдастырылуда.
Семинарға прокуратура, полиция, жергілікті атқарушы органдар, білім беру саласының өкілдері, профилактика субъектілері, сондай-ақ отандық және халықаралық сарапшылар қатысуда.
Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасына ерекше назар аударылуда. Қатысушылар балаларға қатысты тәуекелдерді ерте анықтау, профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттыру және ведомствоаралық өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіру мәселелерін талқылауда.
Үш күндік семинар қорытындысы бойынша кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы субъектілерінің бірлескен іс-қимылының нақты тетіктерін көздейтін ведомствоаралық жоба әзірленеді.
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың үйлесімді және жүйелі жұмысының нәтижесі.









