AI-Sana: Tashenev University студенттері дрондарды бағдарламалау және басқару курсын таныстырды
Tashenev University студенттері AI-Sana көрмесінде дрондарды бағдарламалау және басқару бойынша практикалық курсты таныстырды. Жоба студенттерге робототехника, бағдарламалау және автономды жүйелерді басқару бағыттарын бір практикалық ортада меңгеруге мүмкіндік береді.
Курстың негізгі мақсаты – дрондарды дайын басқару пульті арқылы ұшырумен шектелмей, оларды бағдарламалық код көмегімен басқаруды, ұшу алгоритмдерін әзірлеуді және нақты міндеттерді орындауға бейімдеуді үйрету.
Оқу барысында студенттер Bitcraze Crazyflie 2.1 шағын дрондарымен жұмыс істейді. Алдымен дронның құрылымымен, ұшу принциптерімен, негізгі датчиктерінің жұмысымен және компьютермен байланыс орнату тәсілдерімен танысады. Кейін Python бағдарламалау тілі арқылы дрондарға командалар беріп, автоматтандырылған ұшу алгоритмдерін әзірлейді.
Практикалық тапсырмалар аясында студенттер дронды бағдарламалық код арқылы іске қосуды, белгіленген биіктікті сақтауды, әртүрлі бағытта қозғалтуды, бұрылуды және автоматты түрде қондыруды үйренеді. Одан әрі алынған дағдыларды күрделендіріп, дрондардың квадрат, шеңбер және алдын ала белгіленген маршрут бойынша ұшу алгоритмдерін құрастырады.
Жобаның негізгі бағыттарының бірі – бірнеше дронды бір мезгілде басқару және олардың синхронды қозғалысын қамтамасыз ету, яғни дрондар тобын қалыптастыру.
Қазіргі уақытта университетте 10 Crazyflie дроны бар. Жобаның келесі кезеңінде оларды біртұтас басқару жүйесіне біріктіріп, қозғалысын үйлестіру көзделген. Бұл бірнеше дронды қатар ұшыруға, оларды белгілі бір формацияға орналастыруға, ұшу барысында формацияны өзгертуге және әр дронға жеке қозғалыс траекториясын белгілеуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар жобаны дамыту аясында компьютерлік көру технологияларын енгізу жоспарланып отыр. Ол үшін дрондарға арнайы визуалды маркерлер орнатылып, жоғарыда орналасқан камера арқылы олардың кеңістіктегі X және Y координаттары анықталады. Осы деректер негізінде компьютер дрондардың нақты орналасуын бақылап, олардың белгіленген позициядан ауытқуын анықтайды және қозғалысын автоматты түрде түзетуге мүмкіндік береді. Осылайша, камера дрондардың орналасуын сырттан анықтайтын жүйе қызметін атқарып, олардың қозғалысының дәлдігі мен тұрақтылығын арттыруға көмектеседі.
Алдағы уақытта жоба аясында автоматтандырылған ұшу маршруттарын әзірлеу, топтық формацияларды басқару, дрондардың синхронды қозғалысын қамтамасыз ету, олардың арасындағы қауіпсіз қашықтықты бақылау, автоматты ұшыру және қондыру функцияларын енгізу жоспарланған. Сондай-ақ компьютерлік көру мен жасанды интеллект элементтерін қолдану мүмкіндіктері қарастырылады.
Әзірлемені дрон-шоулар ұйымдастырумен қатар аумақтарды бақылау, іздеу-құтқару жұмыстарына қолдау көрсету, нысандарды анықтау, кеңістікті бірнеше дронның көмегімен зерттеу және автономды роботтық жүйелерді сынақтан өткізу сияқты бағыттарда қолдануға болады.
Курстың басты ерекшелігі – студенттердің дайын технологияны пайдаланумен шектелмей, оның жұмыс істеу принциптерін түсінуі, өз алгоритмдерін әзірлеуі және оларды нақты құрылғыларда сынақтан өткізуі. Бұл тәсіл бағдарламалау, робототехника, компьютерлік көру және автономды жүйелерді басқару бойынша практикалық дағдыларды кешенді түрде қалыптастыруға бағытталған.









