Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесі судьялар корпусын қалыптастыру мәселелері бойынша адвокаттар қауымдастығымен ынтымақтастықтың кеңейтілгенін хабарлайды

    1 / 8

    Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесі судьялар корпусын қалыптастыру мәселелері бойынша адвокаттар қауымдастығымен ынтымақтастықтың кеңейтілгенін хабарлайды

    Осы бастама аясында Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Дмитрий Малахов Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Мәди Мырзағараевпен және Астана қаласының адвокаттар алқасы президиумының төрағасы Руслан Узкановпен жұмыс кездесуін өткізді.

    Талқылаудың негізгі тақырыбы білікті заңгерлерді сот төрелігін жүзеге асыруға тарту тетіктерін дамыту және практик заңгерлердің судья лауазымдарына іріктеуге қатысуын жандандыру болды.

    Жоғары Сот Кеңесінің бағалауынша, құқықты терең білетін және сот процестеріне қатысудың практикалық тәжірибесі бар адвокаттардың кәсіби әлеуеті сот жүйесінің кадрлық құрамын нығайтуға және сот төрелігін жүзеге асыру сапасын арттыруға ықпал ететін негізгі факторлардың бірі болып табылады.

    Қазіргі уақытта Кеңес пен адвокаттар қауымдастығы арасындағы ынтымақтастық нақты нәтижелер беруде. 2025 жылы және ағымдағы жылдың өткен кезеңінде біліктілік емтиханын тапсыру және конкурстық іріктеуден өту мәселелері бойынша 60-тан астам ақпараттық-түсіндіру семинары өткізілді. Аталған іс-шараларға еліміздің барлық өңірінен 8 мыңнан астам адвокатты қоса алғанда, 20 мыңға жуық заңгер қатысты. Бұл кәсіби қауымдастық өкілдерінің аталған рәсімдер туралы хабардар болуын едәуір арттырып, судья лауазымдарына кандидаттардың қатарын кеңейтуге мүмкіндік берді.

    Кездесу барысында судьялар корпусын қалыптастырудың халықаралық тәжірибесіне және адвокаттардың практикалық дағдыларын судья қызметінде қолдану мәселелеріне ерекше назар аударылды.

    «Судьялар корпусын қалыптастырудың халықаралық тәжірибесін зерделеу тәжірибелі адвокаттарды судья лауазымдарына тартудың орынды екенін де көрсетеді. Олардың соттарда өкілдік ету жөніндегі көпжылдық тәжірибесі, сот рәсімдерін білуі және әртүрлі санаттағы істерді қарау ерекшеліктерін түсінуі судья қызметін одан әрі атқаруға берік кәсіби негіз қалайды. Адвокаттық қызмет барысында жинақталған тәжірибе сот төрелігіне қатысты практикалық мәселелерді тереңірек түсінуге, сот процесіне қатысушылардың барлығының ұстанымдарын ескеруге және негізделген шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді», — деп атап өтті Дмитрий Малахов.

    Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар барлық заңгерлік кәсіп өкілдерінің судьялық мансапқа тең қол жеткізуіне жәрдемдесуге бағытталған жүйелі жұмысты жалғастыруға ниетті екенін растады. Мұндай тәсіл кәсіби әрі тәуелсіз судьялар корпусын қалыптастырудың, сондай-ақ сот төрелігіне деген қоғамдық сенімді нығайтудың маңызды институционалдық шарты болып табылады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесі" жаңалықтары