Жоғары Сот Кеңесі судья лауазымына кандидаттарға арналған біліктілік емтиханын жаңғыртты
Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Дмитрий Малаховтың басшылығымен судьялар корпусына кандидаттарды іріктеу рәсімдерін жетілдіру жұмыстары жалғасуда.
Осы жұмыс аясында біліктілік емтиханын өткізу тәртібі мен одан өтуге қойылатын талаптар едәуір жаңартылды.
Барлық кандидаттар үшін тең жағдайлар мен бағалаудың объективтілігін қамтамасыз ету мақсатында жекелеген мамандандыруларды таңдау мүмкіндігінсіз нормативтік құқықтық актілердің бірыңғай тізбесі белгіленді.
Енді білімді тексеру құқықтың тоғыз негізгі саласын қамтиды, ал конституциялық заңнама бойынша блок Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңымен толықтырылды.
Тест тапсырмаларының базасы 1000 сұраққа дейін кеңейтілді. Бұл кандидаттардың даярлық деңгейін жан-жақты бағалауға мүмкіндік береді.
Жаңартылған тапсырмалар базасы еліміздің жетекші заңгер-ғалымдарының қатысуымен сараптамалық бағалаудан өтті және қолданыстағы заңнаманың өзекті талаптарына толық сәйкес келеді.
Енгізіліп жатқан шаралар іріктеу рәсімдерінің ашықтығын арттыруға және жоғары кәсіби судьялар корпусын қалыптастыруға бағытталған.









