2026 жылғы 23 және 24 қарашада Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесінде судья лауазымына арналған біліктілік емтиханы шеңберінде кезекті компьютерлік тестілеу өткізілді. Оның қорытындысы бойынша 50 кандидаттың бесеуі белгіленген өту шегінен сәтті өтті.
Тестілеуді сәтті тапсырған кандидаттар біліктілік емтиханының эссе жазу, практикалық кейстік тапсырмаларды шешу және психологиялық тестілеуден өту кезеңдеріне жіберіледі.
Алғашқы кезеңнен өткен кандидаттар үлесінің төмен болуы біліктілік талаптарының күшейтілуіне және судьялар корпусына іріктеу рәсімдерінің жүйелі түрде жаңғыртылуына байланысты. Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Дмитрий Малаховтың тапсырмасы бойынша тест сұрақтарының базасы заңнамадағы өзгерістер ескеріле отырып, толық қайта қаралып, үш еседен астам — 300-ден 1 000 сұраққа дейін кеңейтілді. Барлық кандидаттар үшін тең жағдайларды қамтамасыз ету мақсатында тапсырмалар бекітілген нормативтік құқықтық актілердің бірыңғай тізбесіне қатаң сәйкес қалыптастырылады.
Жалпы, 2026 жылдың басынан бері компьютерлік тестілеуге 640-қа жуық кандидат қатысып, олардың 20%-ға жуығы белгіленген өту шегінен өтті.
Біліктілік емтиханын ай сайын өткізу іріктеу рәсімінің жүйелілігін қамтамасыз етіп, заңгерлерге өз даярлығын алдын ала жоспарлауға мүмкіндік береді. Бұл жоғары біліктілік талаптарымен қатар кәсіби судьялар корпусын қалыптастыруға ықпал етеді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








