Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Дмитрий Малаховтың бастамасымен Кеңес ұжымында игі дәстүр жалғасын табуда: жұмыс аптасының соңында қызметкерлер ұлттық киім киіп немесе классикалық іскерлік киім үлгісін қазақтың ұлттық киімінің элементтерімен толықтырып, жұмысқа келеді.
Бұл бастаманың негізінде мәдени мұраны қастерлеп сақтау, ұрпақтар сабақтастығын нығайту, сондай-ақ ата-баба дәстүрінің тек салтанатты іс-шараларда ғана емес, күнделікті өмірде де жалғасын тауып келе жатқанын көрсетуге деген шынайы ұмтылыс жатыр.
Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұстанымымен үндеседі. Президент ұлттық киім ұлттың мәдени кодын айқын бейнелейтінін және азаматтардың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналуы тиіс екенін бірнеше рет атап өткен болатын. Дәстүрлі ұлттық нақыштар күнделікті жұмыс ортасына енген сайын, олар ерекше құбылыс ретінде қабылданбай, заманауи мәдениеттің табиғи бөлігіне айналады.
Жоғары Сот Кеңесінде бұл дәстүр үйлесімді әрі жарасымды көрініс табуда: қамзолдар, ұлттық ою-өрнекпен безендірілген кеудешелер мен дәстүрлі әшекей бұйымдар ресми іскерлік стильмен жарасымды үйлеседі. Әрбір бөлшек қазақ халқының шеберлігін, дәстүрлі киім пішімінің эстетикасын және ел тарихына деген құрметті айшықтайды.
Бұл игі дәстүр ұлттық киімді өткеннің нышанынан заманауи корпоративтік мәдениеттің ажырамас бөлігіне айналдырып, ата-баба мұрасына деген құрметті, кәсіби әдепті және өз еліне деген шынайы мақтаныш сезімін ұштастырады.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









