
Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің кезекті отырысы өтіп, оның барысында кадрлық және тәртіптік мәселелер қаралды
Жаңа Конституцияның қабылдануына және еліміздің жаңа заң шығарушы органы – Құрылтайдың қалыптасуына байланысты Құрылтайдың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрайымы Ұнзила Шапақ лауазымы бойынша Жоғары Сот Кеңесінің құрамына енді.
Кеңес Сот жюриінің шешімдеріне шағымданған алты судьяның өтінішін қарады. Әрбір өтініш бойынша судьялардың және Жюри төрағасының ұстанымы тыңдалып, келтірілген уәждер мен ұсынылған материалдар зерделенді. Қарау қорытындысы бойынша Кеңес Сот жюриінің шешімдерін негізді деп танып, оларды күшінде қалдырды.
Сонымен қатар зейнеткерлік жасқа толған судьялардың өтініштері қаралды. Бір судьяның өкілеттік мерзімін шекті жасқа толғанға дейін ұзартуға келісім берілді. Екінші өтініш бойынша судьяны лауазымынан босату туралы Мемлекет басшысына ұсыным енгізу туралы шешім қабылданды.
Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасының Президентіне бірқатар судьяны және сот алқасының төрағасын отставкаға шығуына, өкілеттік мерзімінің аяқталуына, басқа жұмысқа ауысуына байланысты, сондай-ақ Сот жюриінің шешімі негізінде атқаратын лауазымдарынан босату туралы ұсынымдар енгізілді.
Кеңес төрағасы Дмитрий Малахов әрбір шешімнің алдында мән-жайларды жан-жақты зерделеу, судьяның ұстанымын тыңдау және мәселені алқалы түрде талқылау қағидатын дәйекті түрде ұстанып келеді.
Мұндай тәсіл судьялардың тәуелсіздігі кепілдіктері мен олардың кәсіби жауапкершілігі арасындағы теңгерімді қамтамасыз етуге және сот жүйесіне деген қоғамның сенімін нығайтуға бағытталған.









