Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясының өкілдері Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында өткен Asian Contents & Film Market 2026 халықаралық кинонарығында шетелдік кинокомпаниялар мен кинофестивальдердің өкілдерімен кездесті.
Asian Contents & Film Market (ACFM) – Пусан халықаралық кинофестивалі аясында жыл сайын ұйымдастырылатын халықаралық кинонарық.
Іс-шараға «Қазақфильм» атынан Мадина Нүсіпбекова мен Әсем Рамазанова қатысты. Олар Оңтүстік Корея, Моңғолия, Үндістан, Швеция, АҚШ, Ресей және Қырғызстанның кино саласы өкілдерімен келіссөз жүргізді. Үндістанның Ramoji Film City киностудиясы бірлесіп комедия жанрындағы фильм түсіруге қызығушылық білдірді. Ал Tribeca және Мәскеу халықаралық кинофестивальдерінің өкілдері қазақстандық жаңа фильмдерді фестиваль бағдарламасына енгізу мүмкіндігін қарастыру үшін олардың материалдарын сұратты.
Bök Content, Sunrise Media Group компаниялары және Asiatiska Film Festival ұйымдастырушылары қазақстандық фильмдерді көрсету құқығын сатып алу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Сонымен қатар шетелдік серіктестер Қазақстан аумағында фильм түсіруге және «Қазақфильм» киностудиясының түсірілімге қажетті құрал-жабдықтарын пайдалануға қызығушылық танытты.
ACFM кинонарығына қатысу шетелдік әріптестермен бірлесіп фильм түсіруге, қазақстандық туындыларды халықаралық нарыққа шығаруға және олардың беделді кинофестивальдерге қатысуына жаңа мүмкіндік ашады.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі









