12 қазанда Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен апатты тұрғын үйлердің орнына жаңа баспана салу мәселесіне арналған жиын өтті.
Жиынға қала және аудан әкімдері, тиісті басқармалардың басшылары мен мердігер мекемелердің өкілдері қатысты. Кездесуде құрылыс жұмыстарының барысы, жобаларды іске асыру мерзімдері және тұрғындарды қауіпсіз әрі жайлы баспанамен қамтамасыз ету мәселелері қаралды.
Жаңа тұрғын үйлер Жаңаөзен қаласында, Бейнеу ауданының Боранқұл ауылында, Мұнайлы ауданында және Қарақия ауданының Мұнайшы ауылында салынады.
Қазіргі таңда өңірдегі апатты тұрғын үйлерде 260-қа жуық тұрғын тұрып жатыр. Осыған байланысты облыс әкімі жауапты мекемелер мен мердігер ұйымдарға құрылыс жұмыстарын жедел бастауды тапсырды.
-Құрылыс жұмыстарын жедел бастаңыздар. Бұл - кезек күттірмейтін мәселе. Халық жаңа баспананы күтіп отыр. Сондықтан жұмысты созбалаңға салмай, белгіленген мерзімде әрі сапалы орындау қажет. Әрбір тұрғынның қауіпсіз әрі жайлы баспанада тұруын қамтамасыз ету - басты міндетіміз. Осыған байланысты жауапты мекемелер мен мердігер ұйымдар құрылыс барысына ерекше жауапкершілікпен қарап, жұмысты уақытылы аяқтауға күш салуы тиіс, - деді Нұрдәулет Қилыбай.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі









