Қытайдың Сиань қаласында Жібек жолы халықаралық кітапханалар альянсының оқу семинары өтіп жатыр. Жиынға 13 елдің мамандары жиналды. Қазақстан атынан ҚР Ұлттық кітапханасының өкілдері қатысып жатыр.
Семинар бағдарламасына цифрлық кітапханаларды дамыту, жасанды интеллектіні енгізу және кітапхана ісінде заманауи технологияларды пайдалану мәселелеріне арналған сегіз дәріс енген.
Қытай Ұлттық кітапханасы, жетекші университеттер мен өңірлік кітапханалардың мамандары өз тәжірибелерін ортаға салды. Жиында генеративті жасанды интеллектінің мүмкіндіктері, цифрлық кітапхана қорларын дамыту және «Жібек жолының цифрлық кітапханасы» жобасын жүзеге асыру мәселелері сөз болды.
Семинар аясында ҚР Ұлттық кітапханасының қызметкері Нұрлыхан Жұмахан шетелдік әріптестеріне Қазақстанда әзірленген цифрлық жобаларды таныстырды. Атап айтқанда, ол жасанды интеллект көмегімен библиографиялық деректерді өңдеуге арналған LibLab платформасы мен кітапхана статистикасын талдайтын LABA жүйесі туралы мәлімет берді.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі









