Тоғыз айда «Әлеумет» порталы арқылы 463 мыңнан астам қызмет көрсетілді

    2026 жылдың алғашқы тоғыз айында «Әлеумет» әлеуметтік қызметтер порталы арқылы мүгедектігі бар адамдарға оңалту құралдары мен қызметтерін ұсыну бойынша 463 205 қызмет көрсетілді. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі азаматтардың қажетті оңалту құралдары мен қызметтерін өз бетінше таңдауына мүмкіндік беретін порталды дамытуды жалғастырып келеді. Пайдаланушылар қажетті құралдар мен қызмет көрсетушілерді өздерінің жеке абилитациялау және оңалту бағдарламасына сәйкес таңдай алады.

    Көрсетілген қызметтердің ішінде 330 300-і оңалтудың техникалық құралдарымен қамтамасыз етуге, 8 600-і ымдау тілі маманының қызметіне, 27 400-і жеке көмекшінің қызметіне, ал 96 905-і санаторий-курорттық емделуге тиесілі.

    2026 жылдың тоғыз айында порталда 75 062 адам белсенді қызмет алушы ретінде тіркелді. Сонымен қатар осы кезеңде 11 285 тауар тіркелген. Қазіргі уақытта порталда оңалтудың техникалық құралдарын ұсынатын 690 жеткізуші бар. Оның 433-і есепті кезеңде тіркеуден өткен.

    Портал арқылы протездік-ортопедиялық бұйымдарға, есту және көру қабілеті бұзылған адамдарға арналған арнайы құралдарға, жүріп-тұру құралдарына және міндетті гигиеналық құралдарға тапсырыс беруге болады. Сондай-ақ жеке көмекшінің, ымдау тілі маманының қызметін және санаторий-курорттық емделуді таңдауға мүмкіндік бар.

    Пайдаланушылар жеткізушілердің ұсыныстарын қарап, тауарлардың сипаттамаларын салыстырып, өздеріне қолайлы нұсқаны таңдай алады. Бұл ретте таңдалған құралдар мен қызметтер адамның жеке абилитациялау және оңалту бағдарламасында қарастырылуы керек. Тапсырыс беру және қажетті құжаттарға қол қою электрондық цифрлық қолтаңба арқылы онлайн жүзеге асырылады.

    Азаматтарға ақпараттық қолдау көрсету мақсатында Aidana чат-боты жұмыс істейді. Ол порталдың жұмыс істеу тәртібі мен нормативтік-құқықтық актілер туралы мәлімет беріп, жиі қойылатын сұрақтарға жауап ұсынады.

    Порталды пайдалану кезінде көмекке мұқтаж азаматтар жергілікті әлеуметтік қорғау органдары жанындағы өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштарына жүгіне алады. Мамандар қажетті оңалту құралдарын таңдау және оларға тапсырыс беру тәртібін түсіндіреді.

    «Әлеумет» порталы қызмет алушылар мен жеткізушілерді тікелей байланыстырып, азаматтардың өз қажеттіліктеріне сәйкес оңалту құралдары мен қызметтерін таңдау мүмкіндіктерін кеңейтеді. Порталды aleumet.egov.kz сайты арқылы пайдалануға болады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті" жаңалықтары