Алматы Түркі әлемінің жастар астанасы мәртебесін Хиуа қаласына табыстады

    Өзбекстанның Хиуа қаласында «Хиуа – Түркі әлемінің жастар астанасы – 2026» жобасының ашылу салтанаты өтті. Іс-шараға Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше елдердің мемлекеттік органдары мен қоғамдық ұйымдарының өкілдері, сарапшылар, кәсіпкерлер және белсенді жастар қатысты.

    Жоба түркі елдерінің жастары арасындағы байланысты нығайтуға, кәсіпкерлікті дамытуға, инновациялық бастамаларды қолдауға, экологиялық білімді арттыруға және тұрақты даму қағидаттарын насихаттауға бағытталған.

    Аталмыш жоба аясында Жас көшбасшылар форумы мен Жас кәсіпкерлер форумын өткізу жоспарланған. Қатысушылар халықаралық сарапшылар мен инвесторларға өздерінің стартап жобалары мен бизнес идеяларын ұсынып, жастар саясатының өзекті мәселелерін және экологиялық бастамаларды дамыту жолдарын талқылайды.

    Сонымен қатар жастардың бастамаларына қолдау көрсету, тәжірибе алмасу және түркі елдері арасындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелері қаралады.

    2025 жылы Алматы қаласы Түркі әлемінің жастар астанасы атанды. Былтыр қалада III Жастар алмасу бағдарламасы, жас көшбасшылар мен кәсіпкерлердің кездесуі, Turki Fest Almaty-2025 мәдени фестивалі және Жайдарман TURKI CUP-2025 халықаралық фестивалі сияқты бірқатар халықаралық іс-шара өтті.

    Аталған іс-шаралар түркі елдерінің жастары үшін жаңа мүмкіндік беріп, халықаралық деңгейде кәсіби және шығармашылық қарым-қатынас орнатуға ықпал етті.

    Биыл Түркі әлемінің жастар астанасы мәртебесі Хиуа қаласына берілді. Мұнда жастар арасындағы ынтымақтастықты дамыту және ортақ жобаларды қолдау жұмыстары жалғасады.

    ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі" жаңалықтары