Нөмірін шешіп, көлігін жасырған: Қарағандыда айыппұлдан жалтармақ болған 19 жастағы жүргізуші ұсталды

    Нөмірін шешіп, көлігін жасырған: Қарағандыда айыппұлдан жалтармақ болған 19 жастағы жүргізуші ұсталды. Әлеуметтік желідегі бір бейнежазба полицейлерге жол ережесін өрескел бұзған жүргізушіні анықтауға көмектесті. Алайда мемлекеттік нөмірлерін шешіп, көлігін жасыру арқылы жауапкершіліктен құтылмақ болған астаналықтың айласы іске аспады. Оқиға әлеуметтік желіде тараған бейнежазбадан басталды. Кадрларда мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз жүрген Kia Rio автокөлігінің бағдаршамның тыйым салынған сигналына өткені көрінеді. Жазбаны назарға алған Қарағанды облысының полицейлері қалалық бейнебақылау камераларының көмегімен көліктің қозғалыс бағытын анықтап, іздестіру жұмыстарын бастады. Тексеру барысында автокөлік жасырылған болуы мүмкін шағын аудан да назарға алынды. Көп ұзамай полицейлер 19 жастағы Астана қаласының тұрғынын жасырылған көлігіне мемлекеттік тіркеу нөмірлерін қайта орнатуға әрекеттеніп жатқан жерінен ұстады. Тексеру кезінде жас жігіт нөмірлерді әдейі шешіп алғанын және мұны жол ережесін бұзғаны үшін жауапкершіліктен жалтару мақсатында жасағанын растады. Құқық бұзушыға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, автокөлік айыптұраққа қойылды. Көлігін қайтарып алу үшін жүргізуші қолданыстағы тәртіпке сәйкес тиісті рәсімдерден өтіп, айыппұлдар бойынша берешегін өтеуі қажет. Қарағанды облысының Полиция департаменті жол қозғалысы ережелерін сақтауға шақырады. Мемлекеттік тіркеу нөмірін жасыру немесе шешіп алу жауапкершіліктен құтқармайды. Құқық бұзушылық бейнебақылау камералары арқылы да анықталуы мүмкін.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қарағанды облысының Полиция департаменті" жаңалықтары