
Жылытқышты қоса алып кеткен: Қарағандыда жалға алушы үй иесінің мүлкін иемденіп кеткен. Қарағандыда пәтер жалдап тұрған әйел үйден көшіп кетерде үй иесінің жылытқышын өзімен бірге алып кеткен. Оқиға бойынша полицияға 51 жастағы қала тұрғыны жүгінген. Оның айтуынша, 35 жастағы жалға алушы пәтерден көшіп кеткен кезде үйге тиесілі электр жылытқышты да алып кеткен. Үй иесі бұрынғы жалға алушының қайда кеткенін білмеген. Онымен байланысуға жасалған бірнеше әрекет те нәтиже бермеген – әйел телефон қоңырауларына жауап бермей, хабарламаларды елемеген. Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізіп, күдіктінің жүрген жерін анықтады. Тәркіленген жылытқыш заңды иесіне қайтарылды. Қазіргі уақытта аталған факт бойынша қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Оның қорытындысы бойынша іс материалдары процестік шешім қабылдау үшін сотқа жолданады.









