
Камераға түсіп қалды: Теміртауда аулаға ескі жиһаз тастаған тұрғынның көлігі айыптұраққа қойылды. Теміртауда бейнебақылау камералары аулаға тұрмыстық қалдық тастаған көлік жүргізушісін анықтауға көмектесті. Оқиға «Таза Қазақстан» аясында полицияның тұрақты бақылауы кезінде тіркелген. Қалалық бейнебақылау жүйесіне түскен кадрлардан 25 жастағы Mitsubishi Lancer жүргізушісінің тұрғын үйдің ауласына ескі жиһазды тастап кеткені анық көрінеді. Полиция қызметкерлері құқық бұзушыны анықтап, оған қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырды. Қоқысты заңсыз жерге тасымалдап, төгу үшін пайдаланылған автокөлік арнайы айыптұраққа қойылды. Полиция департаменті тұрғындарға абаттандыру талаптарын сақтап, тұрмыстық қалдықтарды белгіленбеген орындарға тастамау қажеттігін ескертеді. Тазалық – ортақ жауапкершілік. Ал тәртіп бұзушылық бейнебақылау назарынан тыс қалмайды.







