eGov Mobile-ға 7 жыл: мемлекеттік қызметтерге мобильді қолжетімділіктен интеллектуалды цифрлық көмекшіге дейін

    ·Жаңалықтар мұрағаты
    eGov Mobile-ға 7 жыл: мемлекеттік қызметтерге мобильді қолжетімділіктен интеллектуалды цифрлық көмекшіге дейін

    eGov Mobile-дың жаңартылған мобильді қосымшасы іске қосылғанына жеті жыл толды. Осы уақыт ішінде қосымша жекелеген мемлекеттік қызметтерге мобильді қолжетімділікті ұсынатын сервистен миллиондаған қазақстандықты мемлекеттік қызметтермен, сервистермен және интеллектуалды шешімдермен қамтамасыз ететін толыққанды цифрлық платформаға айналды.

    Электрондық үкіметтің мобильді қосымшасының алғашқы нұсқасы 2012 жылы іске қосылып, mGov деп аталды. Қосымшаға алғашқы электрондық мемлекеттік қызметтер еңгізілді. Олардың қатарында мекенжай және зейнетақы анықтамаларын, жылжымайтын мүліктің бар-жоғы және оған салынған ауыртпалықтар туралы анықтамаларды алу, сондай-ақ айыппұлдарды, салықтар мен мемлекеттік баждарды төлеу сервистері болды.

    2019 жылға қарай mGov халыққа шамамен 70 қызмет пен сервисті ұсынды. Сол жылы қосымшаның дизайны жаңартылып, оған жаңа eGov Mobile атауы берілді. Оның дамуындағы маңызды кезеңдердің бірі 2020 жылы биометриялық сәйкестендіруді енгізу болды. Бұл мемлекеттік қызметтерді алу кезіндегі кедергілерді азайтуға, оның ішінде пандемия кезеңінде қызметтерді қашықтан алуға мүмкіндік берді.

    eGov Mobile-дың ең көп сұранысқа ие сервистерінің бірі «Цифрлық құжаттар» сервисі болды. Оның көмегімен азаматтарға қағаз құжаттарды үнемі өзімен бірге алып жүрудің қажеті жоқ. Сервис жұмыс істей бастағаннан бері пайдаланушылар цифрлық құжаттарды 600 млн-нан астам рет қолданды. Кейін азаматтарға қосымша қолайлылық жасау мақсатында сервис танымал банк қосымшаларына интеграцияланды.

    eGov Mobile-дың тағы бір маңызды шешімі – электрондық цифрлық қолтаңбаны алу және құжаттарға QR-код арқылы қол қою мүмкіндігі. Бүгінде пайдаланушылар құжаттарға қол қоюдың осы тәсілін шамамен 80 млн рет қолданған және бұл көрсеткіш өсіп келеді.

    eGov Mobile мемлекеттік қызметтер мен сервистерді біріктіретін бірыңғай цифрлық платформа ретінде дамып келеді. Қосымша App Store, Google Play және HUAWEI AppGallery дүкендерінде қолжетімді және iOS пен Android операциялық жүйелерінде жұмыс істейді. iOS және Android платформаларындағы пайдаланушылардың жалпы саны 13,2 млн-нан асады.

    «Бүгінде eGov Mobile мемлекеттік қызметтерді алуға арналған жай ғана мобильді қосымша емес, азаматтардың цифрлық мемлекетпен өзара байланыс құратын негізгі нүктелерінің біріне айналды. Қосымша арқылы 1100-ден астам мемлекеттік қызмет пен сервис қолжетімді. Ай сайынғы белсенді пайдаланушылар саны шамамен 7,6 млн адамды құраса, күн сайын қосымшаны 874 мыңнан астам адам пайдаланады. Сонымен қатар бүгінде мемлекеттік онлайн қызметтердің шамамен 60%-ы мобильді құрылғылар арқылы көрсетіледі. Бұл мобильді форматтың азаматтардың электрондық үкіметпен өзара байланысының негізгі тәсіліне айналғанын көрсетеді», – деп «ҰАТ» АҚ Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Шыңғыс Оразалимов атап өтті.

    Мобильді электрондық үкіметтің дамуы кәсіпкерлерге арналған арнайы шешімнің құрылуына да ықпал етті. 2024 жылғы шілдеде мобильді электрондық үкіметтің жаңа компоненті – eGov Business қосымшасы таныстырылды. Оның дамуының арқасында шағын және орта бизнес өкілдері мемлекеттік қызметтер мен цифрлық сервистерді смартфон арқылы пайдалану мүмкіндігіне ие болды. eGov Business пайдаланушылары заңды тұлғаның бірінші басшысын тіркей алады, ЭЦҚ шығаруға өтінім бере алады, QR-код арқылы құжаттарға қол қоя алады және басқа да сұранысқа ие сервистерді пайдалана алады.

    eGov Mobile дамуының жаңа кезеңі жасанды интеллект технологияларын енгізумен байланысты. Қосымшада пайдаланушыларға сұраныстарын еркін түрде қалыптастырып, мемлекеттік қызметтерді іздеу және алу бойынша eGov GPT интеллектуалды көмекшісі пайда болды. Бұл тәсіл электрондық үкіметпен өзара іс-қимылдың қалыптасқан форматын өзгертеді, пайдаланушыға өзінің жағдайын немесе қажеттілігін сипаттау жеткілікті, жүйе қажетті ақпарат пен көмекті өзі ұсынады. Бүгінде eGov GPT арқылы 50-ден астам мемлекеттік қызмет қолжетімді, ал сервисті пайдалану саны 150 мың реттен асты.

    2026 жылы eGov GPT халықаралық деңгейде мойындалып, AI & Digital Bridge Awards 2026 марапаттау рәсімінде «GovTech Project of the Year» номинациясының жеңімпазы атанды. Марапат Астанада өткен AI & Digital Bridge 2026 халықаралық технологиялық форумы аясында табысталды. Бұл жеңіс мемлекеттік цифрлық сервистерді дамытуда жасанды интеллект технологияларын қолдануға бағытталған жобаның жоғары бағаланғанын көрсетті.

    Алда жаңа сервистер мен технологиялық шешімдер тұр. «ҰАТ» АҚ командасы мемлекеттік қызметтерді әрбір қазақстандық үшін одан әрі қолжетімді, түсінікті әрі ыңғайлы ету мақсатында eGov Mobile-ды дамытуды жалғастырады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "" жаңалықтары