Польша елшісі мен Су ресурстары вице-министрі Астана оқушыларымен су үнемдеу мәдениетін талқылады

    1 / 5

    Астана қаласындағы №85 мектепте «Әр тамшы маңызды: суды үнемдеу өзімізден басталады» тақырыбында экологиялық сағат өтті. Іс-шараға Польша Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Михал Лабенда мен ҚР Су ресурстары және ирригация вице-министрі Талғат Момышев қатысты.

    Іс-шара Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Оқу-ағарту министрлігінің «Суды үнемде - болашақты сақта!» бастамасы аясында өтті. Бастаманы «Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы» КЕАҚ жүзеге асырады. Сондай-ақ іс-шара Астана қаласының Тәрбие жұмысы жөніндегі әдістемелік орталығымен серіктестікте «Заң және тәртіп» қағидатын сақтау мақсатында жүзеге асырылатын «Адал Азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында ұйымдастырылды.

    Экологиялық сағат аясында қонақтар мектеп әкімшілігімен, мектеп Парламентінің көшбасшыларымен және «Жер елшілері» жастар экологиялық қозғалысының өкілдерімен кездесті. Бұдан кейін «Көшбасшылар аллеясында» бірлесіп ағаш отырғызу рәсімі өтті.

    Мектептің AQUA LAB зертханасында 7-сынып оқушылары Астананың әртүрлі аудандарындағы су сапасының көрсеткіштерін анықтау және салыстыру бойынша зерттеу жұмыстарын қонақтарға таныстырды. Оқушылар зерттеу әдістерін көрсетіп, алынған нәтижелерін бөлісті.

    3-сынып оқушылары «Суды үнемде - болашақты сақта!» тақырыбындағы экологиялық сабаққа қатысты. Сабақ барысында олар суды ұтымды пайдалану қағидаларымен және табиғи ресурстарды сақтауға көмектесетін күнделікті әдеттермен түсінікті түрде танысты.

    Бұдан кейін Польша Республикасының елшісі Михал Лабенда оқушылар алдында «Су бізді біріктіреді: жас ұрпақтың тұрақты болашақ алдындағы жауапкершілігі» тақырыбында сөз сөйледі. Ол су ресурстарының құндылығына, суды жауапкершілікпен тұтыну мәдениетіне, Еуропа тәжірибесіне, сондай-ақ экологиялық мәселелерді шешудегі білім мен жастардың рөліне тоқталды.

    Сөз сөйлегеннен кейін оқушылар қонақтарға сұрақтар қойды. Іс-шараға қатысушылар экология саласындағы халықаралық ынтымақтастық мүмкіндіктерін, экологиялық бастамаларды ілгерілетудегі жастардың рөлін және оқушылардың қоршаған ортаны қорғау үшін жасай алатын нақты қадамдарын талқылады.

    «Іс-шараның негізгі идеясы - су үнемдеу мәдениеті әр адамның күнделікті іс-әрекетінен басталады. Дұрыс әдеттерді ерте жастан қалыптастыруда мектептің рөлі зор. Бұл сабақтар, зерттеулер, практикалық тәжірибе және жеке жауапкершілік арқылы жүзеге асады. Шетелдік делегация өкілдерінің бастамамызға қатысуы оқушыларға су ресурстарын сақтау барлық елге ортақ міндет екенін көрсетеді», - деді ҚР Су ресурстары және ирригация вице-министрі Талғат Момышев.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі" жаңалықтары